Ғарыш технологиялары жылдам дамуда
Осыдан тура 62 жыл бұрын алғаш рет ғарышқа адам ұшты.
Бұрындары ғарышты игеру - тек мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілетін. Алайда кейінгі жылдары салаға жеке инвестициялар кеңінен тартылып келеді. Әсіресе 2021- жыл жемісті болды. Әлемге әйгілі британдық және америкалық миллиардерлер ғарышты бағындырған еді. Қытай да кейінгі уақытта ауыз толтырып айтар жетістіктерге қол жеткізе алды. Ал Еуропалық ғарыш агенттігі ертең Юпитерді зерттеу миссиясын іске қоспақ.
Алайда жақында америкалық "Вёрджин Орбит" компаниясының банкротқа ұшырауынан кейін көп сұрақ туындады. Бұл туралы бірер секундтан кейін айтамын.
Кейінгі уақытта көп секторда ғарыш технологияларының үлесі артты. Сөйтіп салаға жеке инвестициялар көп құйыла бастады. Былтыр ғарыш технологияларына 9 миллиард доллар тартылған. Бұл көрсеткіш бойынша бірінші орында АҚШ тұр. Кейінгі 10 жылда ұшырылған шағын жер серіктерінің 42 проценті америкалық Спейс Икстің үлесіне тиесілі. Саладағы ірі инвесторлар қатарында Ұлыбритания, Үндістан, Австралия мен Германия да бар.
Бекдәулет Шүкірғалиев, Назарбаев университеті энергетикалық ғарыш зертханасының ғылыми қызметкері:
- АҚШ-та қазіргі күнде ол астрофизика саласында да үздік. Және ғарышқа аппарат жіберу жағынан да қазір үздік. Оның үстіне қазір оларда тек мемлекеттік қаржымен ғана емес, жеке қаржыға да ұшатын аппараттар жасау. Илон Маскты қазір танымайтын адам жоқ. Одан бөлек Блю Ориджн бар. Тағы бірнеше жеке компания бар. Өздерінің ракеталарын жасақтап, ғарышты игеруге үлкен үлес қосып жатыр. Енді оның артынан қалған мемлекеттер қуып жетуге тырысуда. Мәселен, қазір Қытайдың қазір жақында Айға, Марсқа ұшып барған аппараттары бар.
Қытайда 3 айда 9200 жаңа компания құрылды
Иә, ғарышты игеруде Қытай жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Кейінгі уақытта шығыстағы көршімізде жер серіктерімен айналысатын кәсіпорындар саны айтарлықтай артқан. 2013-жылы салада 3600 жаңа компания құрылса, биыл небәрі 3 ай ішінде 9 мыңнан аса жаңа ұйым тіркелген. Соның нәтижесінде 2025-жылы жер серіктері нарығының көлемі 6 жарым миллиард долларға жетеді деген болжам бар.
Лю Тун, Қытайдың Өнеркәсіп және ақпарат технологиялары министрлігінің өкілі:
- Қытайда жерсеріктік интернет ауқымды коммерциялық салаға айналып келеді. Сондықтан тиісті инфрақұрылымды дамыту жағына көп көңіл бөлініп отыр. Мәселен, болашақта зымырандарды ұшыруға арналған шағын алаңдар саны көбейеді.
Юпитер - "Жердің оққағары"
Осы аптада Еуропаның ғарыш агенттігі Юпитерді зерттеу бойынша ірі миссияны іске қосады. Күн жүйесіндегі ең ірі ғаламшардың 3 ірі серігінде мұхиттар болуы ықтимал. Ғалымдар олар тіршілік етуге қолайлы болуы мүмкін деп пайымдап отыр. Басты мақсат - осыны анықтау. Мамандарды Ганимед ерекше қызықтырып отыр. Өйткені күн жүйесіндегі ғаламшар серіктерінің ішінде тек осы Ганимед қана өзінің магнит өрісін өндіре алады. Аппарат зерттейтін үш серікте көлемі бойынша жер бетіндегі мұхиттардағыдан 6 есе көп су болуы мүмкін деген болжам бар. Ғалымдарға осыны да анықтауға тура келеді.
Мишель Догерти, Лондон империялық колледжінің ғарыш ғылымдары бөлімінің жетекшісі:
- Миссияның басты мақсаты - Юпитер серіктері тіршілік етуге қолайлы ма, жоқ па - осыны анықтау. Өмір сүруге жарамды болу үшін 4 зат керек. Бұл су, жылу көзі, ішкі өріс пен органикалық материал. Біз Юпитердің серігі - Ганимедтегі мұхиттың тереңдігін, ондағы тұздардың мөлшері мен тығыздығын, сондай-ақ мұз қабатының қалыңдығын анықтауға ниеттіміз. Бактерия түзілу үшін көміртегі, азот пен метан қажет. Ганимедте солардың пайда болуы үшін гидротермальды процестер жүруі мүмкін деп пайымдап отырмыз.
Юпитер бізден 900 миллион шақырым қашықтықта орналасқан. Оны зерттеу миисиясы 8 жылға жалғасады. Ғарыш стансасы ертең ұшырылуы тиіс. Соңғы рет Юпитерді зерттеу миссиясы 2011 жылы жіберілген.
Бекдәулет Шүкірғалиев, Назарбаев университеті энергетикалық ғарыш зертханасының ғылыми қызметкері:
- Жалпы Юпитер планетасы өзінше ерекше ғаламшарлардың бірі. Бір жағынан оны астрономдар "Жердің оққағары" деп айтады. Ол массасы үлкен ғаламшар. Күннен біраз алыс орналасқан. Күнге қарай келе жатқан комета, астероидтардың көбін Юпитер өзінің массасымен тартып алып, жерге жеткізбей тастайды.
Ғарышты игерудегі сәтсіздіктер
Ғарышты игерудің қарқынды дамуына қарамастан,,,саладағы кейбір ұйымдар сәтсіздікке ұшырап жатыр. Солардың бірі - америкалық "Вёрджн Орбит". Ол британдық миллиардер Ричард Брэнсонның ғарыш компаниясы. 2017-жылы құрылған. Орбитаға жер серіктерін жеткізумен айналысады. Жақында ол өзін банкрот деп жариялады. Кейінгі уақытта ұйым,,,қаржылай қиындықтарға тап болған. Биыл қаңтарда Ұлыбритания аумағынан жер серіктерін ұшыра алмағандықтан, олар тіптен ушығып кетті. Осыған байланысты наурызда компания,,,жұмысын уақытша тоқтатып, қызметкерлері,,,ақысы төленбейтін демалысқа жіберілген. Ал жуырда жұмысшылардың 85 процентін қысқарту туралы жария етілді. Екі жыл бұрын "Вёрджн Орбиттің" құны 3 жарым миллиард долларға бағаланған. Қазір 65 миллионға дейін төмендеді.