Аргентинада қариялардың күнкөрісі қиындады
Аргентинада инфляция шарықтап барады.
Күн өткен сайын тұрғындардың әлеуметтік жағдайы төмендеп жатыр. Әсіресе қарттарға қиын.
Бірін-бірі қолтықтаған бұл кейуаналар аптасына 2 рет зейнеткерлерге арналған шағын демалыс орталығына келеді. Тауы шағылып, тұрмысы ауырлаған қариялар бір сәт ойын ойнап, бой жазған болады. Бірақ бәрібір қу тіршіліктен құтыла алмайды. Баласы тасбауырға айналғандары да жетерлік.
Паулина Наджнудел, зейнеткер:
- Пәтерақымды төлей алмай жатырмын. Басқа да шығын бастан асады. Тамақ тауып жеудің өзі мұңға айналды. Негізі өзімнің 2 балам бар. Бірақ олардан еш қайыр жоқ. Қарнымның ашқанына, қадірімнің қашқанына қынжыламын.
Мерседец Виллафане, зейнеткер:
- Сауда жасағанда тамақты тек грамдап қана аламыз. Келілеп алуға ақшамыз жетпейді. Бір түйір картоп пен пияздың ақшасын әрең төлеймін.
Аргентинада зейнеткерлердің 85 пайыздан астамының, яғни 6 жарым миллион қарияның зейнетақысы елдегі ең төменгі жалақы мөлшерінен аз. Бұл ақшаға ай сайын қажет зәру заттың 30 пайызын ғана алады.
Еугенио Семино, зейнеткерлер жөніндегі омбудсмен:
- Қалт-құлт етіп әрең жүрген қарттарға обал. Мардымсыз зейнетақысы не дәріге, не тамаққа жетпейді. Тойып ас ішпеген адамның созылмалы ауруы асқынып, жанын қинайды.
Жылдық инфляция 105 пайызға көтерілді. Орталық банк бұл көрсеткіш 110 пайызға жетеді дейді. Жыл басынан бері ұлттық валюта 20 пайызға құнсызданған. Үкімет айына 67 доллар жәрдемақы беруге шешім қабылдаған. Бірақ бұл жұғын болмай тұр.
Хуан Тартара, зейнеткер:
- Супермаркеттегі баға апта сайын өседі. Саудагерлер азық-түлік құнына 15 пайызға дейін үстемақы қосады. Әсіресе ірімшік пен сиыр етінің бағасы удай.
Соңғы дерек бойынша, кедей тұрғындардың саны 40 пайызға артқан. Сарапшылар әлеуметтік-экономикалық жағдайдың құлдырауы билеуші партияны қазан айында өтетін парламент сайлауында беделінен айыруы мүмкін деп болжайды. Бұл дағдарыстың тағы бір себебі бар. Әлем бойынша ірі көлемде астық экспорттайтын Аргентина қазір ел тарихындағы ең ауқымды қуаңшылықты бастан кешіруде.
Авторлары: Ернат Мелсұлы, Дәулет Кибраев