АҚШ-та Қытайдың «астыртын кеңсесі» анықталды

4 америкалық және Ресейдің 3 азаматы АҚШ-қа қарсы әсер ететін науқан жүргізген деп айыпталып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әділет министрлігі күдіктілер Ресей үкіметінің атынан әрекет етті деп хабарлады. Кеше ғана Федералды Тергеу қызметі Қытайдың астыртын жұмыс істеген полиция қызметкерін әшкереледік деп мәлімдеді. Нью-Йоркте Қытай Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің жасырын бөлімшесін ашқан 2 адам ұсталды.

Нұрбек Бекен, тілші:

- Нью-Йоркте Қытай полициясының астыртын жұмысын атқарған тегі Ханзу 2 АҚШ азаматын Федералды тергеу бюросы қамауға алған. Олар Қытайдан қашқан босқындарды және диаспора өкілдерін АҚШ жерінде қудалап, қысым көрсеткен.

Бейжің агенттері АҚШ-қа саяси баспана сұрап қашып келген белсенділерді аңдыған, соның ішінде Қытайдағы туыстарын қыспаққа алып, кейбірін елге қайтуға мәжбүрлеген, деп хабарлады прокуратура. Ұсталғандардың телефондарын тексере келе Бейжіңнен тікелей тапсырма алып отырғаны анықталған.

Бреон Пис, Нью-Йорк штаты шығыс округінің прокуроры:

- Қытайдың Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің офицерлері Нью-Йорк қаласында және АҚШ-тың басқа да жерлерінде Қытай диаспорасы өкілдерін көздеп, трансұлттық қуғын-сүргінмен айналысқан. Осылайша, Қытай құпия полициясы ұлтымыздың егемендігін бірнеше рет және өрескел бұзды. Басқаша айтқанда, АҚШ жерінде АҚШ азаматтарының ізіне түсті.

Астыртын кеңсе АҚШ жерінде 9 ай жұмыс істеген. Күдіктінің бірі Қытайдың құқық қорғау органдарымен 8 жылдан бері астыртын байланыста болғаны анықталған. Олардың кінәсі дәлелденсе 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тергеушілер құпия қызметіне жұмыс істеген 44 адамға айып тақты. Олар АҚШ-та түрлі әлеуметтік желіде мыңдаған жалған аккаунт ашып, диаспора өкілдерін желіде қудалап, қорқытумен айналысқан.

Нұри Туркель, Ұйғыр американдық заңгер және консервативті талдау орталығының өкілі:

- Бейжің мұның бәрін жоққа шығарады. Айыптайды. Бейжің тіпті нәсілшілдік деп назарды басқа жаққа аударуға тырысады. Өйткені бұл үйреншікті тәсілдері. Олар тіпті кейбір жеке тұлғаларға санкция салынуы мүмкін. Бірақ бұған назар аудармау керек. Біз дұрыс әрекет етіп жатырмыз. Заң бұзғандар жазаға тартылуы тиіс.

Жыл басынан бері Вашингтон мен Бейжің арасы тым суып кетті. Естеріңізде болса, ақпанда Қытайдың барлау шарын АҚШ аспанында атып түсіріп, Мемлекеттік хатшысы Бейжіңге сапарын шегеріп тастаған еді.

Авторы: Нұрбек Бекен.