Ресейде қолма-қол ақша ұстайтындарға бақылау күшейе ме?
Ресей экономистері ел тұрғындарының депозиттегі ақшасын жаппай шешіп алып жатқанына алаңдаулы, деп хабарлайды «Хабар 24».
Биыл көктемде қолма-қол ақшаны үнемдеуді қалайтын ресейліктердің үлесі соңғы 2 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. Мұны Орталық банк мәлімдеді. Ал енді қолдағы ақшаны бақылау күшейтіле ме?
Дана Нұржан, тілші:
- Қазір ресейліктердің қолында 16,5 трлн ақша сақтаулы. Бір жыл ішінде айналымдағы қолма-қол ақшаның көлемі 16%-ке немесе 2 трлн рубльге өсті. Қолма-қол ақшаға сұраныстың өсуін әлеуметтанушылар да, банктер де растайды. Бұл құбылыстың бірінші кезеңін Орталық банк 2022 жылдың ақпан-наурыз айларында байқаған.
Жақында Мемлекеттік Думаның депутаты Анатолий Вассерман қолма-қол ақшаны декларациялау туралы заң жобасын дайындады. Оған сәйкес 1 млн рубльден астам сомаға қолма-қол ақша ұстайтын ресейліктер салық органдарына есеп беруі керек және де бұл ақшаның пайда болу жолдарын түсіндіруі тиіс. Әйтпеген жағдайда, жиналған қаражат тәркіленіп, азамат сақталған ақшаның 2 еселенген мөлшерінде айыппұл төлейді.
Анатолий Вассерман, РФ Мемлекеттік Дума депутаты:
- Кездейсоқ күдіктерден арылу үшін жарияланған қолма-қол ақшаны декларациялауды жай ғана ұсынсақ, көпшілігі оған мән бермейді. Ал бізге дәл қазір бұл ақшаны анықтау қажет. Сондықтан егер адам декларациядан жалтарса, тәркілеу және айыппұл салу қаупін қосқанды жөн көрдік.
Қаржы министрлігі бұл бастаманы қолдаған жоқ. Ал Ресей салық төлеушілер одағының басшысы жобаны жүзеге асыру мүмкін емес деп түсіндірді. Сонымен қатар ол 5 жыл бұрын пайда болған қаражаттың шығу тегі туралы құжаттарды талап ету заңға қайшы дейді.
Артем Кирьянов, Ресей салық төлеушілер одағының басшысы:
- Бірден тәркілеу де, екі еселенген айыппұл салу ұсынылды. Бүгінгі жағдайымыздың өзінде де бұл мүмкін емес. Адамдардан 5-10-15-30 жылдық құжаттарды талап ету қалыптасқан заң тәжірибесіне қайшы келеді. Оған көнсек, кейін бұл жобада 1 млн-нан астам қаражатты сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілік те пайда болуы мүмкін.
Депутат Анатолий Вассерманның айтуынша, қазір үкімет 1 млн рубльден асатын қолма-қол ақшаны декларациялау туралы заңнамалық бастаманы қарастырып жатыр. Жауап мамыр айының ортасында келеді деп күтіп отыр.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.