Өзбекстанда Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өтіп жатыр
Өзбекстанда конституциялық референдум өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Халықтың таңдауына 65%-ке жаңа негізгі құжат ұсынылды. Бұл заңдар алдымен адам құқықтарын қорғауды көздейді. Көрші елдегі референдумға байланысты 11 мыңға тарта дауыс беру учаскесі құрылған.
Өзбекстанның қолданыстағы конституциясы 1992 жылы қабылданды. Бұған дейін 15 мәрте толықтырылды. Осы жолғы құжат 65%-ке жаңа. Баптар саны 155-ке көбейіп, нормалар екі есе ұлғайған.
Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының президенті:
- Қазіргі жағдайды түсініп, қолдап-қуаттап келесіздер. Мұның бәрі ертеңгі күнімізді жарқын қылу үшін жасалып жатыр. Бар ізгі-ниетіміз орындалсын!
«Конституциялық өзгерістер Қазақстанда жүргізілген саяси реформаларға ұқсас», - дейді сарапшылар. Ең алдымен, адам құқықтарын қорғауға басымдық берілген. Парламент құзіретін кеңейтіп, жемқорлық пен монополияға қарсы органдардың басшыларын сайлай алады. Бас прокурор, есеп комитетінің жетекшісі және премьер-министр де тек фракция өкілдерінің келісімімен қызметке кіріседі.
Марат Башимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бірінші мақсаты – әлеуметтік жағдайды жақсарту. Содан кейін азаматтардың құқығын қорғау. Маған ұнайтыны, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы білім, экономика, құқық жағынан ынтымақтастық көрсетілген. Оны қолдауға болады.
Адам құқықтарын қорғау жайына келсек, көршімізде өлім жазасы толыққанды алынып тасталады. Журналистік және адвокаттық қызмет заң жүзінде қорғалады. Дауыс беру елде аралас негізде жүрді. Бірқатар учаскеде ашықтық ақпараттық технология арқылы қамтасамыз етілді.
Адолат Абдумуталова, учаскелік комиссия жетекшісі:
- Учаскемізге азаматтардың жеке деректерін растайтын арнайы аппарат орнатылды. Қала бойынша 50 жерде ғана бар. Ол әрбір келушінің бір мәрте қана дауыс беруін қадағалайды. Кейін сол жүйе арқылы бюллетеньдер саны салыстырылады.
Шакиржан Парпиев, Ташкент қаласының тұрғыны:
- Конституцияда көптеген оң өзгеріс бар. Біз соны қолдауға келдік. Болашағымыздың жарқын болуын тілейміз.
Жаңа құжатта Қарақалпақстанға қатысты баптар өзгеріссіз қалды. Референдум нәтижесі дауыс беру көрсеткіші 50%-тен асқан жағдайда заңды күшіне енеді. Белсенділік таңсәріден жоғары. Ел бойынша науқан аяқталды. Ал сырт мемлекеттегі учаскелерде әлі жалғасып жатыр.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Орталық сайлау комиссиясы референдумның нәтижесін ертең жариялайды. Одан кейін елде тағы бір саяси науқан өтуі мүмкін. Көршімізде болып жатқан оқиғалар тұтас Орталық Азияның тұрақтылығына әсер етеді. Себебі мұндағы реформалардың дені шекаралас мемлекеттермен байланысты нығайтуға да бағытталып отыр.
Авторы: Рауан Мыңбаев.