Түркияда сайлауалды науқан қыза түсті

Саяси дода 14 мамырға белгіленген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл күні халық президентті, сондай-ақ парламентті сайлайды. Бірақ шетелде дауыс беру ерте басталды. Президенттікке үміткерлер қатарында 4 адам бар. Сарапшылар басты тартыс қазіргі мемлекет басшысы Режеп Тайип Ердоған мен оппозиция өкілі Кемаль Кылычдароглу арасында өтеді деп отыр.

Сарапшылар осы 2 үміткердің жеңіске мүмкіндігі мол екенін айтады. Өткен айда жүргізілген сауалнама нәтижелері көрсетіп отырғандай, оппозиция жетекшісі мен қазіргі мемлекет басшысының терезесі тең.

 

ЕРДОҒАННЫҢ УӘДЕСІ

Түркияда 2017 жылы референдум өткен. Оның қорытындысы бойынша, мемлекет парламенттік басқару формасынан президенттік республикаға ауысты. Халықтың дауыс беруі нәтижесінде сондай-ақ президенттің өкілеттігі 5 жылға дейін ұзартылды. Сөйтіп 2018 жылғы сайлауда Режеп Тайип Ердоған жеңіске жетті. Мемлекет басшысы келесі саяси додаға қатысуға ниеті барын былтыр жария еткен. Сауалнама нәтижелері көрсетіп отырғандай, бұл жолы да оның жеңіске жету мүмкіндігі жоғары. Алайда сарапшылар оппозицияның да осал еместігін айтады. Себебі қазіргі әлемді жаулаған қымбатшылық Түркияны да айналып өтпеді. Сайлауалды науқан кезінде қазіргі мемлекет басшысы, ең алдымен, инфляцияны тежеп, азық-түлік бағасын тұрақтандыруды уәде етіп отыр.    

Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- Оппозиция өз жоспардарын тұрақсыз экономика мен әлсіз демократия негізінде іске асыруға ниетті. Біз әрбір тұрғынның есігін қағамыз. Ешкімді назарсыз қалдырмаймыз.

 

СІЗ КІМСІЗ, КЕМАЛЬ МЫРЗА?

Режеп Тайип Ердоғаннан бөлек, президент сайлауына тағы 3 үміткер қатысады.

Олар: «Ата» альянсының мүшесі Синан Оган, «Мемлекет» партиясының төрағасы Мухаррам Индже және «Халық альянсы» оппозициялық партиясының жетекшісі Кемаль Кылычдароглу. Сарапшылар соңғысының халық арасында танымалдылығы жоғары екенін айтады. Жақында жүргізілген сауалнама нәтижелері де осыған саяды. Кемаль Кылычдароглу туралы деректерге тоқталсақ. Үміткердің жасы 74-те. Кейінгі 30 жыл бойы Республикалық халық партиясын басқарады. Кезінде Қаржы министрлігінде жұмыс істеген. Жемқорлықпен ұтымды күрес жүргізгені үшін «Жыл шенеунігі» атағын алған. Өз сайлауалды науқаны кезінде оппозиция өкілі адам құқықтары үшін күресетінін, жемқорлықты жоятынын, Батыс елдерімен ынтымақтастығын нығайтатынын, НАТО-мен арадағы кикілжіңдерді шешіп, елдің қазіргі экономикалық саясатынан бас тартатынын жеткізді. Сонымен қоса Түркияны қайтадан парламенттік республика етуге уәде берді.  

Кемаль Кылычдароглу, президенттікке үміткер:

- Экономикамыз шатқаяқтап тұрғанын бәріміз де жақсы білеміз. Біз билікке келсек, қандай қиындықтарды шешуге тура келетінімізді түсініп отырмыз. Бірақ Түркия қайта өрлеу керек. Түркия өзгеруі тиіс.

 

ШЕТЕЛДЕ ДАУЫС БЕРУ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР 

Сайлаудың өзі 14-іне белгіленгенімен, шетелде тұратын түрік азаматтары үшін дауыс беру басталып кетті. Олар 9 мамырға дейін өз таңдауын жасай алады. Бөлімшелер 75 елде ашылды. Олар дипломатиялық өкілдіктерде, шекаралық бекеттерде, бақылау-өткізу бекеттері мен теңіз айлақтарында орналасқан. Жалпы шетелде 3 жарым млн-ға жуық адам дауыс береді деп күтіліп отыр. Бір ғана Германияның өзінде 30-ға тарта учаске жұмыс істеп тұр. Неміс елінде түріктердің ең үлкен диаспорасы тұрады. Ондағы адам саны 1,5 млн-ға жуықтайды.     

Дауыс берушілер:

- Мен Түркияның әр азаматын сайлауға белсенді түрде қатысуға шақырамын. Біз Түркияның болашағы үшін дауыс беру құқығымызды пайдалануымыз қажет.

- Мен Түркиядағы жағдай барған сайын жақсара түседі деп үміттенемін. Мемлекет қазір қол жеткізген жетістікпен тоқтап қалмау керек. Сайлауда халықтың үмітін ақтайтын кандидат жеңер деген ойдамын.

Бір айта кетерлігі, егер сайлау нәтижесі бойынша үміткерлердің ешбірі 50 проценттік межеден аса алмаса, доданың екінші кезеңі өтеді. Ол 28 мамырға белгіленген. Онда алғашқы турда ең көп дауыс жинаған 2 үміткер бақталасады.