Қазақ өнерпаздары Дубайдағы би байқауында бас жүлдені иеленді
Дубайда халықаралық хореографиялық өнер байқауы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мұнда Қазақстан намысын «Sensitive» бишілер тобы қорғайды.
16 жыл бұрын есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат жанынан ашылған бұл топ талай байқауларға қатысып, бәйге алып жүр. Бұл жолы қазақстандық би ансамблі Үндістан, Ресей, Болгария, Өзбектаннан келген өнерпаздармен сайысқа түсті.
Бибігүл Нысанбаева, тілші:
- Қазақстандық биші топтың өнерін көрермен тым жылы қабылдап жатыр. Шынымен, бұл – ерекше дарынды балалар. Өйткені олар музыканы мүлдем естімесе де, анық сезіп билеп тұрғаны көрініп тұр. Sensitive атына сай, топ мүшелері терең сезімтал. Әрбір қимылы нық, дөп түсті. Олардың өнерін халықаралық өнер фестивалінің қазылар құрамы әділ бағалайды деп үміт етеміз. Өйткені 5 елден 150 өнерпаз қатысса да, бірде-бірі дәл Сэнситившілер сияқты тұп-тынық тыныштықта, музыканың сүйемелінсіз билей алмайды.
Ольга Ростовщикова, «Sensitivе» би ансамблінің көркемдік жетекшісі:
- Біздің топ 2 бағдарламамен келді. Біріншісі, еуропалық репертуар – Вена вальсі, танго және латиноамерикандық самбо. Тағы бір солист Даниял Күнғожин «Спойлер» қойылымын көрсетеді. Орта жастағы топ бірінші рет халықаралық байқауға қатысып отыр. «Болашақ» және «Біз біргеміз» қайырымдылық қорына алғыс айтамыз.
Бибігүл Нысанбаева, тілші:
- «Dance-fest Dubai» – Таяу Шығыста өтетін танымал халықаралық байқау-фестиваль. Хореографиялық өнер арқылы ұлтаралық қатынасты нығайту, би өнерінің заманауи түрлерін дамыту, дарынды хореографтарды анықтау – фестиваль мақсаты. Өнерпаздарға кәсіби мамандар баға беріп отыр. Олар – Ресей, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктерінің жетекші университеттерінің профессорлары мен оқытушыларынан жасақталған құрам.
Арна Ранэй, «Gurukul Studios» би тобының мүшесі:
- Біз тобымызбен бұл жарысқа көп дайындалдық. Өйткені бұл – жылда бір келетін мүмкіндік, мықты хореографтар баға беріп отыр. Қарсыластарымыз мықты. Әсіресе Қазақстаннан келген қыз-жігіттер бізге бәсекелес, бірақ шынымды айтсам, олардың биін көріп, өзім де жоғары әсер алып тұрмын.
Бибігүл Нысанбаева, тілші:
- Солтүстік Қазақстан облысынан келген би театры басқасын айтпағанда 9 мәрте Гран-при иеленген. Қалалық, облыстық, республикалық байқауларды қойып, Италия, Испания, Ресей, Қырғызстан, Болгария, Египет пен Америкада өткен халықаралық конкурстардың ең бағалы сыйын иемденген, Бас жүлде иеленген. Джермано Де Росси, Недко Георгиев, Ольга Сафронова, Наталья Ториашвили тағы да басқа бидің кіл мықтыларынан сабақ алған қазақстандық бишілер бұл жолы да Әмірліктерді таңғалтып келіп, тамсантып кетті.
Жаңа ғана редакциямызға байқаудың нәтижесі туралы ақпарат түсті. «Sensitive» би театры байқаудың бас жүлдесін иеленіпті. Дуэт және Соло номинациясы бойынша орындаушылар 1-орын жүлдесін алған. Жалпы олар байқаудың 4 жүлдесін қанжығаға байлады. Жеңімпаз биші топ 2 күннен соң елге оралады.