Дубайда Arabian Travel Market-2023 көрмесі өтіп жатыр
Дубайдағы Бүкіләлемдік сауда орталығында Arabian Travel Market көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оған 100-ден астам елден келген туризм және қонақүй саласының кәсіби мамандары жиналды. Мамырдың 1-і күні басталған бұл жиын «Зиянды қалдық шығаруды нольге жеткізу» тақырыбымен 4 күн бойы жалғасады.
30 жыл. Arabian Travel Market осы уақыт аралығында тұрақты өткізіліп келеді. Мерейтойлық көрмеге 112 ел, 60 мың адам, 2500 экспонат әкелінген. БАӘ – Қазақстан үшін перспективасы мықты, мақсатты нарық. Себебі Әмірлік азаматтары үшін 30 күн визасыз режим бар, бір. Аптасына 14 рейс, әрлі берлі қатынас қойылған, екі.
Бибігүл Нысанбаева, тілші:
- Google analytics деректері бойынша, Біріккен Араб Әмірліктері соңғы 90 күн ішінде «Қазақстанға рейс» сұрауымен ТОП-10 елдердің тізіміне кірген. Бұл дегеніңіз, Әмірлік тұрғындары біздің елге саяхат жасау мақсатымен әлемтордан ақпарат іздеді дегені. Сондықтан қазақстандық туристік компаниялар үшін бұл көрме – әлбетте, қолайлы мүмкіндік. Жаңа келісімшарт жасасу амалы немесе бұған дейінгі серіктестік қатынасты нығайта түсудің алаңы. Төлем қабілеті жоғары Сауд Арабиясы, Кувейт, Катар, Оман және Бахрейн сияқты араб елдерінен келген жаңа тұтынушыларды табуға үлкен мүмкіндік, тегі – бизнес.
Жалғас Қанатов, туристік агенттіктің бас менеджері:
- Біз бүгін 100 шақты компания өкілдерімен таныстық. Оның ішінде біздің жұмысымызға, біздің жұмысқа қатыстылары да, жай өз қызметін ұсынған азаматтар да болды. Бізге тікелей қатысты 20 шақты компаниямен танысып, алдағы уақытта келісімшарт жасасамыз деп шешіп отырмыз.
Қазақстандық делегация құрамында 13 туроператор, 1 әуе компаниясы, 5 қонақ үй басшылары мен мамандары және аймақтық туризм басқармасы қызметкерлері бар. Біздің мамандар өнімдер мен қызметтерді таныстырып қана қоймай, туристік технология, авиация, круиз, инвестиция, қызметкерлер таңдау, қонақ үй бизнесін жүргізуге қатысты сөз талқыларына қатысып, пікір алмасты.
Хабиль Әл Хайаят, туристік агенттіктің бас менеджері:
- Бүгінгі көрме – өте ауқымды көрме. 110 жылдан астам уақыттан бері туризм саласында бизнес жүргізіп келемін. Қазақстанды жақсы білемін, оның табиғатын, әдемі жерлерін. Бүгін мен тек жаңа адамдармен танысып жүрмін. Көрме біткенге дейін көптеген елмен, оның ішінде Қазақстан да бар келісім құжатқа қол қоямыз деп ойлаймын. Бұл бизнес әріптестік үшін өте маңызды болып тұр.
Биыл ATM аясында бірінші рет Start-up байқауы өтеді. 7 бірдей инновациялық туристік стартап саяхатқа қатысты жап-жаңа технологияларды ұсынады деп жоспарланып отыр. Сарапшылар айтқандай, пандемиялық кедергілер артта қалып, әлемдік туризм қайта түлейді. Сондықтан бұл кездесуге үлкен мән беріліп отыр.
Авторлары: Бибігүл Ғаділбекқызы, Нұраш Райс.