Әлемдегі елдер арасында бітім орнай ма?
Осы аптада Израиль мен Палестина оқ атпау тәртібін жариялады.
Бітімге Египет, Қатар мен БҰҰ мұрындық болған. Таяуда Суданда да уақытша бітім жарияланған. Осының алдында осы Сауд Арабиясының өзі де Иранмен қарым-қатынасын жақсартқан. Арадағы ахуалдың түзелуіне үшінші елдер септігін тигізген.
Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы ахуалдың жақсаруына ықпалдасқан үшінші ел – Қытай болды.
Сауд Арабиясында Иран өкілдігі қайта ашылды
Сауд Арабиясы мен Иран арадағы дипломатиялық қарым-қатынасын 2016 жылы үзген еді. Қос мемлекет ұзақ жылдар бойы өңірдегі басымдық үшін таласып келеді. Оның үстіне діни қайшылықтар да отқа май құйып отырды. 7 жыл бұрын Сауд Арабиясында шейіттердің діни өкілінің жазалануынан кейін ахуал тіптен ушығып кеткен. «Таяу Шығыстағы қырғи қабақ» соғыстың аяқталуына Қытай өз септігін тигізді. Екі елдің өкілдері былтыр Ирак пен Оманда, ал биыл наурыздың басында Бейжіңде келіссөздер өткізді. Ол сәтті аяқталып, жемісін бере бастады. Сөйтіп, 1998 жылғы экономикалық ынтымақтастық, сонымен қоса 2001 жылғы қауіпіздік саласындағы келісімдер қайта күшіне енді. Арадағы әуе қатынасы ретке келтірілетін болды. Сонымен қоса тараптар елшіліктерінің жұмысын да қайта жаңғыртуға уағдаласты. Көп күтірмей осы аптада Сауда Арабиясында Иранның бірнеше дипломатиялық өкілдігі ашылды.
Хамонда Салхи, Калифорния мемлекеттік университетінің өкілі:
- Тараптар текетірестен ынтымақтастыққа көшті. Бұл ортақ күш-жігерді қажет етеді. Иран да, Сауд Арабиясы да өңірдегі тұрақтылықты қалайды. Сол себепті тараптар екі жақтың да көңілінен шығатын ортақ шешімдер іздеуге тиіс.
Сауд Арабиясы мен Израильді татуластыру талпынысы
Сарапшылар Қытайдың Таяу Шығыстағы белсенділігінің артуын аймақта АҚШ ықпалының әлсіреуімен түсіндіреді. Америкалықтардың Иранмен 2015 жылғы ядролық келісімді қайта жаңғырту талпыныстары әзірге нәтиже бермей отыр. АҚШ Сауд Арабиясы мен Израиль арасындағы қарым-қатынасты реттеуге ниетті. Өткен аптада Флорида губернаторы Рон Десантис Израильге барып қайтқан. Ал алдағы күндері Джо Байденнің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Джейк Салливан Эр-Риядқа жол тартпақ. Таяу Шығыстағы ахуал да әңгімеге арқау болуы мүмкін. Сауд Арабиясы Израильмен арадағы қарым-қатынасын ретке келтіру үшін америкалықтарға бірнеше талап қойып отыр. Мәселен, АҚШ-пен қорғаныс саласындағы, сондай-ақ экономикалық байланыстарын нығайтуды қалайды. Сонымен қоса 2018 жылы өлтірілген жергілікті журналистің қазасына қатысты сыни пікірлерді тоқтатуды да сұрап отыр. Тағы бір талап, Сауд Арабиясы өзінің ядролық бағдарламасына қолдау қажет дейді. Америкалықтар соңғысы ең күрделі сұрақтың бірі болып отырғанын айтады. Бұл мәселеге қатысты Израиль жағы әлі түсініктеме берген жоқ.
Джейк Салливан, АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі:
- Джо Байден әкімшілігі Сауд Арабиясы мен Израиль арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға алғашқы қадам жасады. Израиль авиациясы үшін Сауд Арабиясының әуе кеңестігінің ашылуы соны айғақтап отыр. Арадағы ахуалдың ретке келтірілуі АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігінің мүддесіне жатады.
Сауд Арабиясы іскерлік орталыққа айналуға ниетті
Сауд Арабиясының өзі де жанжалдасушы тараптардың татуласуына ықпалдасып жүр. Мәселен, жақында Суданда уақытша бітімнің жариялануына үлесін қосты. Жалпы сарапшылар Араб түбегіндегі бұл мемлекет кейінгі уақытта әлемдік сахнадағы өз беделін өзгерткісі келетінін айтады. Белсенділік танытуын да осымен түсіндіріп отыр. Айтуларынша, Сауда Арабиясы консервативтік мемлекеттен Таяу Шығыстағы туристік және іскерлік орталыққа айналуды көздейді.
Армения мен Әзербайжан арасындағы келіссөз
Бітімге қатысты тағы жағымды жаңалықтардың бірі Солтүстік Кваказ өңіріне қатысты. Армения мен Әзербайжан өкілдері екіжақты мәселелер бойынша түсіністікке қол жеткізе алды. Екі елдің сыртқы істер министрлерінің кездесуі Вашингтонда өткен. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің айтуынша, қос мемлекет көп ұзамай бейбіт келісімге келуі мүмкін.