Британияда тақ мұрагерінің тәж киетін сәті таяп қалды
Бүгін британдықтар үшін тарихи күн.
Тақ мұрагері Үшінші Чарльзге тәж кигізу жорасы өтеді. Бірақ бұған бұқараның көзқарасы әртүрлі. Бірі риза болса, енді бірі монархия жүйесіне қарсы. Соған қарамастан айтулы оқиғаны көруге асыққан жұрттың қарасы қалың. Меймандар шетелден де келіп жатыр.
Бүгін Ұлыбритания елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. 70 жылда алғаш рет жаңа патшаны ұлықтау рәсімі өтеді. Тақ мұрагері Чарльз III жары Камилла патшайым-консортпен бірге тәж киеді. Салтанатты шара ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрге сай өтеді. Елде 3 күн бойы мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, халық той тойлап, думандатады.
Роберт Лейси, тарихшы:
- Тек британдықтар ғана осы рәсімнің бар сән-салтанатын сақтап келеді. монархия дегенде азаматтардың ойына келетіні де осы. Жалпы ұлықтау рәсімі ел тарихының ажырамас бір бөлігі саналады.
Бірақ соңғы кезде ел арасында монархия жүйесіне қарсы пікірлер көптеп айтылып жүр. Сауалнамаларға сәйкес, біраз тұрғын таққа отырған патшаның орнына мемлекетті басқаратын президентті көргісі келеді. Тіпті бейбіт митингке шығып, бұл пікірлерін жасырмай айтпақ.
Грэм Смит, антимонархиялық топтың бас директоры:
- 1 мың адам жиналады. Мүмкін одан да көп болатын шығар. Бәрі қолдарына сары плакат пен ту ұстап, «Бұл біздің патша емес» деп ұрандатады. Мұндағы мақсатымыз шеруді еленбей қалмайтындай жағдайға жеткізу.
Британдықтардың тағы бір бөлігі рәсімге жұмсалатын ақшаны босқа рәсуалау емес пе деп санайды. Өйткені елде инфляция бой бермей тұр. Расымен де, ұйымдастырушылардың алдын ала есебі бойынша рәсімге шамамен 113 миллион еуро жұмсалады. Кезінде Екінші Елизаветаны ұлықтау кезінде бұдан 2 есе аз қаржы кеткен болатын. Десе де, шығын өзін тез-ақ ақтауы мүмкін. Себебі салтанатты шара шетелдерде тікелей эфирде көрсетіледі. Бұдан бөлек, жаңа патшаның тәж кию рәсімін өз көзімен көру үшін британияға біраз елдің азаматтары аттанып жатыр.
Луиса Равес, Португалиядан келген турист:
- Біз патшаның отбасында болып жатқан жайттарды назардан тыс қалдырмаймыз. Бүгінгі оқиғаны тарихи сәт дер едім. Бұған дейін мен патшаның мерейтойына арналған мерекелік іс-шарада болғанмын.
Муж Харшил Дэйв, Үндістаннан келген турист:
- Меніңше, бұл сәт өмір бойына сақталатын естелік. Сондықтан да осында келдік.
Британ жеріне тек туристерге ғана барып жатқан жоқ. Өзге елдің монархтары да ұлықтау рәсіміне қатысуға кетіп жатыр. Мәселен, жуырда Лондонға жапония императоры мен оның отбасы мінген ұшақ келіп қонды.
Ғани Мұқашұлы