Испанияда ер мен әйел теңдігін талап етті
Испания қоғамы ел билігінен гендерлік теңдік мәселесін қайта қарауды талап етіп отыр.
Бұған Жоғарғы менеджмент мектебі жүргізген зерттеудің нәтижесі себеп болды.
Елде әйел менеджерлердің үлесі небәрі 16 процент екені анықталды. Неліктен ер азаматтарға басымдық беріледі?
Испания ерлер мен әйелдер тең құқығын қамтамасыз ету бағытында қай заманда да қажетті көңіл бөліп, қыруар жұмыс атқарған ел. Әсіресе әйелдерге қатысты кемсітушілікпен күресіп келеді. Тиісінше бұл елде заң да, қоғам да тұрғындарға жынысына бөлмей тең құқық пен мүмкіндік береді. Десе де, ел компанияларындағы әйелдер үлесі күрт азайған, әсіресе менеджмент саласындағы нәзік жандылар үлесі тым аз. Бұған Жоғарғы менеджмент және әкімшілік мектебі жүргізген сараптама дәлел. Бұл зерттеуді жүргізген Бизнес мектебі 17 жыл қатарынан жалақыдағы алшақтық пен басқарушы лауазымдағы әйелдер рөлін сараптап отыратын ірі ұйымның бірі.
Мэричель Марти Руби, менеджер:
- Мұндай зерттеу әйел адамдардың құқығын таптатпауға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Біз бұл тақырыпты назардан тыс қалдырмай, қадағаласақ қана гендерлік тепе-теңдікті сақтай аламыз. Сондықтан кез келген компания ерлер мен әйелдердің тиісті тең құқығын сақтауда салғырттық танытпауы керек. Әйелдер әлеуетіне шектеу қойған көп компания ұтпайды, керісінше, ұтылады.
Әйел қызметкерлер үлесінің аздығы, бір. Екіншіден, басқарушы лауазымдағы әйелдер дәл сол санаттағы ер адамдарға қарағанда айлықты 18 процентке аз алады, дейді зерттеу. Айталық, Испаниядағы ер менеджердің жылдық табысы - 91 мың еуроны құраса, тура сол қызметті атқаратын әйел - 81 мың еуро алады. Яғни, айырмашылық шамамен 10 мың еуро, бұл гендерлік кемсітушілік,- деп сын айтты зерттеу авторлары.
Анна Булик Эстаун, кәсіпкер:
- Өкінішке орай, дамыған мемлекеттің өзінде де гендерлік кемсітушілік тиылмай тұр. Өз ісіне берілген әйелге жынысына бола жалақыны аз төлеу - өте әділетсіз!
Аида Қыдырбай, тілші:
- Испаниядағы жоғарғы менеджмент және әкімшілік мектебінің әйелдер әлеуетіне қатысты жүргізген зерттеуіне 80 мыңға жуық қызметкер қатысқан. Сараптама кезінде менеджменттен бөлек өндіріс пен техникалық саладағы әйел адамдардың басшылыққа келуі де ерлерге қарағанда қиындап кеткенін көрсеткен. Осы ретте Испания қоғамы биліктен бизнесте әйел адамның үлесін арттыруға ерекше назар аударуды талап етіп отыр.
Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач