Испанияда өрт қаупі күшейді
Испаниядағы аптап ыстық орман өрті қаупін күшейтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Билік төтенше жағдайлардың алдын алудың сан тәсілін қарастырып жатыр. Соның бірі – дрондарды пайдалану.
Соңғы 3 жылдағы аптап ыстық Испанияның ауыл шаруашылығын тұралатты. Былтыр жауын-шашынның мөлшері әдеттегі нормадан 25%-ке аз түскен. Биыл да сол көрсеткіш қайталануы мүмкін. Экология министрлігі жағажайлардың 60%-і құрғап қалуы мүмкін деп,- дабыл қақты. Оған өрт қаупін қосыңыз.
Диего Коста, Каталония су ресурсы агенттігінің қызметкері:
- Елде тіркелген өрттердің жартысынан көбі адамның қасақана әрекетімен жасалады. Өрт жағдайының 28%-і ғана абайсызда және жазатайым оқиғалардан туындайды. Қалай болғанда да, қауіпсіздік қызметі техникалық мықты жарақталған болуы тиіс.
Техникалық жарақталу тиісті деңгейде емес, өртті алдын алу керек, - дейді тұрғындар. Жергілікті азаматтар билікпен бірлесіп, жұмыс істеуге келісті. Өрттің көп жағдайда түнде болуынан жедел топ қызметкерлері барлау дрондарын қолданбақшы.
Себастьян Массаге, өрт сөндіруші бөлімінің басшысы:
- Түнгі дрондар – әуе құралдары әрекет ете алмайтын кезде өртті бақылауға мүмкіндік бере алатын үлкен көмекші. Және күнделікті күзетші қызметін атқарып, ірі саябақтардағы жағдайды да бақылауда ұстап отыруға мүмкіндік береді.
Аида Қыдырбай, тілші:
- Дей тұрғанмен Испания қоғамы ел билігін: «орман мен ұлттық парктердің 80%-іне күтім көрсетпейді», - деп айып тағып отыр. Баптау көрмеген орман ағаштары қазіргідей қатты ыстықта лап ете түсуі мүмкін. Сондықтан экожанашырлар кешіктірмей, осынау қуаңшылық кезеңде жасыл желектерді күтіп баптайтын ұлттық бағдарлама қажет деп есептейді.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач.