Тамақ қалдығын азайту: Австралия мен Иордания тәжірибесі
Австралияның Мельбурн қаласында қоқыстағы тамақ қалдықтарын азайтуға бағытталған арнайы бағдарлама бар, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жобаның арқасында бір жылдың ішінде жүздеген тонна қажетсіз заттар қайта өңделген. Ал Иорданияда қайырымдылық қоры қымбат қонақ үйлердегі кештерден қалған тағамдарды жинап, мұқтаж жандарға таратады.
Мельбурн қаласында тамақ қалдықтарын жұмысшылар велосипедпен жүріп жинайды. Арнайы орынға жеткізілген соң сұрыпталып, өңдеуден өтеді. Бағдарламаның арқасында жаңадан жұмыс орындары ашылды.
Моу Блоу, бағдарламаға қатысушы:
- Мен осы жұмысқа орналасқаныма қуаныштымын. Бұл менің өміріме зор ықпал етті. Мақсаттарымды айқындауға көмектесті. Алда әлі көп нәрсе үйренеріме сенімдімін.
Өткен жылы іске қосылған бағдарлама биыл шілде айында аяқталады. Бірақ шараны ұйымдастырушылар оны жалғастыруға ниетті. Ал ресми дерекке сүйенсек, Австралияда жыл сайын қоқысқа 7,5 млн тоннадан аса тамақ қалдығы тасталады екен. Бұл адам басына шаққанда 312 келіден келеді. Демек тұрғындардың сатып алатын әр бесінші азық-түлігі далаға тасталады.
Салли Кэпп, Мельбурн қаласының мэрі:
- Мельбурн – Австралияда тамақ қалдықтары ең көп тасталатын қаланың бірі. Себебі бұл елдегі қоғамдық тамақ орындары мен қонақ үйлер секторы кең дамыған шаһар болып саналады. Сондықтан біз мәселемен күресу үшін түрлі шараларды қолға алып жатырмыз.
Ал Иорданияда қайырымдылық ұйымның бірі қымбат қонақ үйлердегі той-думандардан кейін қалған тамақтарды жинап, мұтаж жандарға таратумен айналысады. Бұл үшін артылып қалған тағамдар бірден таза қораптарға салынып, тоңазытқышқа қойылады. Шара 2008 жылы іске қосылған. Содан бері мыңдаған жанұяға көмек көрсетілген.
Яхья Абу Диаб, Preserving Grace жобасының жетекшісі:
- Біз тек кештерде желінбей, артылып қалған таза тағамдарды жинаймыз. Олар контейнерлерде сақталады. Былтыр осындай жолмен 15 мың адамға көмек көрсеттік. Бұл – шамамен 2,5 мың отбасы.
Иордания халқының 24%-і кедейшілікте өмір сүреді. Жұмыссыздық болса 23%-тен асады. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне жүгінсек, бұл мемлекетте былтыр 1 млн тоннадай тамақ ысырап болған. Мұнымен жыл бойы 1,5 млн адамды тамақтандыруға болар еді, - дейді ұйым өкілдері.
Авторы: Дәурен Ақашұлы.