Құс тұмауынан қауіп бар
Ұлыбританияда құс тұмауын жұқтырған екі адам анықталды.
Олар ауылшаруашылық саласында жұмыс істейді.
Алайда вирустар жиі мутациялайтыны белгілі. Егер дерт адамдар арасында тарай бастаса, бұл коронавирустан әлдеқайда қауіпті-дейді мамандар.
Құс тұмауының алғашқы белгілері Ұлыбританияда 2022-жылдың қазан айында тіркелді. Бұл қауіпті дерт ондаған шаруашылықта анықталғаннан кейін, билік барлық үй құсын жабық жерде ұстауды бұйырды. Ал жақында бұл ауруға 79 жастағы ер адамның шалдыққаны белгілі болды. Ол үйректерін үйінде кіргізіп баққан көрінеді. Осыдан кейін мамандар құс шаруашылықтарында істейтін қызметкерлерді тексеріп, ауру белгілері бар екі адамды анықтады. Ғалымдардың айтуынша, құс тұмауының алуан түрі бар, көбісі айтарлықтай қауіпті емес. Алайда 90 жылдардың ортасына бері тарап жүрген Эйч-5 Эн-1 штаммы тез жұғады әрі денсаулыққа зияны мол. Ұлыбритания парламентінің баяндамасына сәйкес, осы аурудан 97 миллиондай құс қырылған.
Ян Браун, құс тұмауы бойынша халықаралық зертхана директоры:
- Құстардың барлық түрі тұмаумен ауырады. Алайда шамамен 25 жыл бұрын өте қауіпті түрі шығып, тез арада бүкіл әлемге тарап кетті. 90-жылдардың ортасында Оңтүстік-Шығыс Азияда шыққан бұл штамм екі мыңыншы жылдардың басында өзге де құрылықтарға жетті. Соңғы екі жылда алғаш рет Орталық пен Оңтүстік Америкада таралуы үдейе түсті.
Сол кезден бастап 900-дай адам бұл дертті жұқтырған. Жартысы одан көз жұмды. Бұл жайт дәрігерлерді қатты алаңдатып отыр. Егер вирус мутацияланып, адамнан адамға жұғатын болса, бұл үлкен қасіретке әкелуі мүмкін. КОВИД-19 дертінің ажал көрсеткіші жарты процент болса, құс тұмауынан 30 тіпті 50 процентке жету қаупі жоғары. Бұл ауру тек ғана құстармен шектелмей, жануарларға да тарай бастады. Мәселен Оңтүстік Америкада дельфиндер мен теңіз арыстандары суда мекендейтін қоректілер жаппай қырылған. Жалпы бұл ауруды да негізінен суда жүзетін құстар таратады екен.
Ян Браун, құс тұмауы бойынша халықаралық зертхана директоры:
- Биологияға келетін болсақ үйректер мен қаздарға тұмаудың барлық түрі тез жұғады. Бірақ өздері ауырмайды, тек вирусты таратып жүреді. Жаңа штаммы оларға да қауіп төндіріп, ауыр тисе де, бұрынғыдай біраз қашықтыққа тарата алады.
Қорыта айтқанда, ғалымдар сақтықта қорлық жоқ деседі. Ол үшін денсаулыққа мән беріп, салауатты өмір салтын ұстанған абзал екенін тағы бір ескертеді.
Бекболат Тұрмаханов