Оңтүстік Кореяда дрондар көрмесі ашылды
Су бетіне қонатын дрондар мен көзге көрінбейтін ұшу аппараттары Оңтүстік Кореядағы көрмеге қойылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Радарлар анықтай алмайтын коптерлерді көптеп жасауға жыл басында ел президенті Юн Сок Ёль бұйрық берген еді. Оған былтыр желтоқсанда Солтүстік Кореяның робот ұшақтарының басып кіруі себеп болған.
Бұл – жасырын дрон. Әскерилер ұшақтың нақты мүмкіндіктерін көрсетпеді, бірақ көрінбейтін коптерлердің алғашқы топтық ұшуы 2025 жылы жасалатынын хабарлады.
Көрмеде атом электр станциясы аймағындағы радиация деңгейін бақылайтын дрон көрсетілді. Тағы бір ұшу аппараты таудағы өртті өшіре алады. Ол 5 өрт сөндіргіш құралын сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жеткізуге қауқарлы.
Пак Чон Квон, Корея Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігінің департамент директорының орынбасары:
- Бұл – Кореядағы ұшатын және жүзе алатын алғашқы дрон. Оны туристер мен суда мотоциклмен жүруді ұнататындар пайдалана алады. Сондай-ақ ол өртті сөндіре алады.
Владислав Цой, тілші:
- Бұл дрон суда қалып, көмек сұраған адамдарды іздейді. Ол сағатына 60 шақырым жылдамдықпен қозғала алады. Дронның дыбыс ұлғайтқышы, алғашқы медициналық көмек қобдишасы және су бетіне тиген кезде автоматты түрде ауа толтыратын құтқару құралымен жабдықталған. Құтқарушылар бұл дронды Кореяның екі провинциясында 2 жылдан бері пайдаланып келеді.
Жылдың екінші жартысында Кореяда мобильді интернетке қосылған шағын сенсорлары бар дрондар шығарылады. Олар елдегі барлық ұшқышсыз апараттар қозғалысын бақылай алады.
Пак Чон Квон, Корея Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігінің департамент директорының орынбасары:
- Бұрын ұшақтың жағдайын тексеру үшін баспалдақпен арнайы көлікті күтуге тура келетін. Енді біздің ұлттық әуе компаниямыз әлемде алғаш рет ұшақтарды тексеру үшін бірнеше дрондарды пайдаланады, бұл қызмет көрсету уақытын қысқартады. Оның үстіне, дрон камералары мамандар көре бермейтін нәрселерді көруге мүмкіндік береді.
Кореяның Көлік министрлігі 2030 жылға қарай дрондардың жаһандық нарығы 94 млрд долларға жетеді деп болжайды. Оның үстіне ұшқышсыз ұшақтарды шығару елдерге тек табыс емес, қауіпсіздікке де кепілдік береді. Шынында да, әскери қақтығыстарда дрондар қуатты қаруға айналды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Оңтүстік Корея армиясында қазірдің өзінде 3 мыңнан астам ұшқышсыз ұшатын аппарат бар және бұл көрсеткіш жыл сайын арта бермек.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.