Иракта роботтар қызметіне негізделген зауыт ашылды

Роботтандыру науқаны Иракқа да жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елде адамның жұмыс күшіне аса мұқтаж емес алғашқы зауыт ашылды.

Роботтар істейтін алғашқы зауыт Басра қаласында ашылған. Онда негізінен құрылыс материалдары өндіріледі. Желімнің 16 түрі шығарылады. Мамандар сапасы жоғары өнімді жергілікті нарықтан басқа сыртқа да экспорттаймыз дейді. Басшылық жылына желімнің 400 тоннасын шығарамыз деген ниетте.

Алаа Абдул Хуссейн, инвестиция тарту мекемесінің басшысы:

- Біздің зауыттың басқалардан көп артықшылығы бар. Ең басты ерекшелігі, бізде робот технологиясының бесінші толқыны енгізілген. Оларды Германиядан алдырдық.

Роботтар еңбек күші мен өндіріске жұмсалатын уақытты үнемдейді. Бұрын зауыт жұмысын атқаруға 150 маман қажет болатын. Қазір 25-ақ адам қалған. Өндірістік қате де азайған.

Мохаммад Әл-Мусауи, зауыт директоры:

- Робот технологиясымен жасалған материалдардың жарамдылық мерзімі 30 жылға дейін жетеді. Адам күшіне негізделген кезде біз мұндай кепілдік бере алмайтын едік. Біртіндеп шығарылатын өнім санын арттырамыз.

Зауыт Кувейтпен шекаралық аумақта салынған. Бұл жер әдейі таңдалған. Себебі көршілес ел арқылы көптеген мемлекетке экспорт жасауға жол ашылады, - дейді Ирак кәсіпкерлері.

Авторы: Ернат Мелсұлы.