Кенияда пілдерден қауіп көп
Кенияда фермерлер егістерінен пілдерді үркіту үшін араларды қолдана бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өйткені алып жануарлар жолында кездескен егістің жартысын азыққа жаратса, қалғанын таптап кетеді екен. Бұрын оларға қарсы ток өткізілген сымнан қоршау жасайтын немесе ор қазатын. Бұдан талай піл қырылған.
Британиялық Save the Elephants, яғни Пілдерді қорғайық атты табиғат қорғаушы ұйым екі жаққа да тиімді амал тапты. Фермерлерге омарталарды тегін үлестіреді. Осының арқасында егістерін де қорғап, бал мен балауызды сатып, қосымша табыс табады. Табиғат қорғаушылардың айтуынша, пілдердің еш жазығы жоқ. Қуаңшылық кесірінен шаруалар егіске жарамды жаңа жерлер іздеп, пілдер мекендейтін аумаққа ығыса бастаған.
Виктор Ндомби, Save the Elephants жобасының жетекшісі :
- Бұрын бұл жабайы жануарлар мекендейтін орта болған. Ал енді мұнда ауыл шаруашылығымен айналысу үшін адамдар келіп, үйлерін салып жатыр. Бұл пілдер көшетін жолдарды жауып, оларға фермалары арқылы өтуден басқа амалы жоқ.
Ал Қытайдың Юньнан өңірінде билік, керісінше, фермерлерді жүгері секілді пілдер қоректенетін дақылдарды өсіруге ынталандырады. Егістерін құртса, барлық шығынын артығымен өтейді. Тіпті адамдар жолын кеспес үшін жергілікті тұрғындарды байқаушылар ретінде жалдайды. Олар күні-түні дрондардың көмегімен көшін бақылап жүреді. Ал ну орман секілді көрінбейтін жерлерде инфрақызыл камералар орнатқан. Осының арқасында соңғы 40 жылда өңірдегі пілдер саны екі есе артып, 300-ге жетті. Қазір 10 үйірі бар.