Әлемде әуе компания қызметкерлерінің ереуілі жиіледі

Оған дүниежүзіндегі экономикалық ахуалдың нашарлауы себеп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Панемиядан қатты зардап шеккен салаға инфляцияның өсуі жығылғанға жұдырық болды. Әсіресе жұмысшылар жалақы жетпей жатыр деп шағымданып жатыр.

Әуе саласы өкілдерінің ауқымды ереуілі соңғы рет сәуір айында Германияда тіркелді. Берлин әуежай қызметкерлерінің наразылық шарасы кезінде 300-ге жуық рейс кейінге шегеріліп, мыңдаған жолаушы діттеген жеріне жете алмады. Акцияға қатысушылар айлық жалақыны 500 еуроға өсіруді талап етті. Демалыс күндердегі еңбек ақы мөлшерін көбейтуді сұрады. Егер ол орындалмаса, наразылық акциясы жалғасады, - деп ескертті. Билік мәселені қарастыруға келісті.  

Лондондағы Хитроу әуежайының қауіпсіздік қызметінің мамандары да осы айдың бас кезінде ереуілге шықты. Акцияға 1,5 мыңдай адам қатысты. Шараны ұйымдастырушылар жалақыны көтеріп, еңбек жағдайын жақсартуды талап етті. Кәсіподақ өкілдерінің айтуынша, Хитроу қызметкерлерінің жылдық жалақысы өзге әуежайларға қарағанда 6 мың фунт стерлингке төмен. Басшылық еңбекақыны тек 10%-ке көтеруді ұсынған еді. Бірақ кәсіподақ оны мардымсыз деп көңілдері толмай отыр.  

АҚШ-тағы ең ірі әуе компаниясының бірі «Амэрикан Эйрлайнс» ұшқыштары да осы айда ереуіл өткізуді талқылады. Пилоттар наразылық шарасын жазғы демалыс басталар алдында ұйымдастыруды жоспарлаған. Бірақ бірлестік көп ұзамай келіссөзге дайын екенін жариялап, наразылық тыйылды. Мұнда да ұшқыштар жалақыны өсіріп, еңбек шартын жетілдіруді талап етіп отыр. Бірақ компанияның кей басшылары мұндай қадам пандемиядан қатты зардап шеккен саланың оңалуына кедергі болады деген пікірде.

Канадада да өткен аптада «Уэстджет» бірлестігінің ұшқыштары ереуіл өткізетінін жариялады. Себебі компания басшылығымен еңбек жағдайы туралы келіссөз тығырыққа тірелген. Ұшқыштар жалақыны көтеріп, әуе рейстерінің кестесін қайта қарауды ұсынып отыр. Осының кесірінен соңғы 1,5 жылда компанияның 300-ден аса ұшқышы қызметтен кетуге мәжбүр болған. Келіссөз әлі жүріп жатыр.

Авторы: Дәурен Ақашұлы.