Грузия азаматтарының үштен бір бөлігі ауызсуға мұқтаж
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ деректері осыған саяды.
«Елдегі тозығы жеткен су құбырлары мен климаттың өзгеруі. Кавказ жотасындағы мұздықтардың еруі қалыптасқан жағдайға әсер етуі мүмкін»,- дейді мамандар.
Грузияның табиғи байлығының бірі - су ресурсы. Елде 26 мыңнан астам тұщы су өзені, 900-ге жуық көл және су қоймасы бар. Алайда, халықтың үштен бір бөлігі таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Сондай елдімекеннің бірі - Мтисдзири. Тбилиси мен Рустави қалаларының ортасында орналасқан елді мекен мәселесі күн тәртібінен түскен емес.
Ирина Хорбаладзе, Мтисдзири тұрғыны:
- Малға беретін су жоқ. Біз 21-ғасырда суды сатып ішуіміз керек. Келіп есепшот орнатып берсе, мен қарсы емеспін! Бірақ, асырап отырған жануарға көп мөлшерде су керек, оны күнде сатып алу мүмкін емес. Біз қалалық әкімдікке бұл мәселені айтып, бірнеше рет бардық, ешкім көмектеспеді. Тбилисиге тиіп тұрмыз, су мәселесі бірақ тұралап тұрғалы қашан.
Мәселенің түп тамыры - тозған инфрақұрылымда. Елдің кей аймағында сумен жабдықтау жүйесі қарастырылмаған. Тұщы сулардың тартылуы бұл мәселені тіпті ушықтырған.
Акаки Панчулидзе, Грузия жасыл қозғалысы қоғамдық кеңесінің мүшесі:
- Бұл өте күрделі мәселе. Соңғы онжылдықта Грузиядағы орташа жылдық ауа температурасы 0.7 градусқа көтерілді. Біз оны қалпына келтіре алмаймыз. Дегенмен де, сала мамандары зерттеу жүргізіп жатыр.
Грузияда жалпы ауданы 511 шаршы км болатын 700-ден астам мұздақ бар. Олар негізінен Үлкен Кавказ жотасының бойында орналасқан. Алайда, жылы температура мен жаңбыр сулары мұз массаларын ерітіп жатыр. Салдарынан соңғы 10 жылда мұздықтар аумағы 40% азайған.
Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Юлия Тужилкина