Тунисте экономикалық жағдай тығырыққа тірелді

Әлем елдерін инфляция жайлағаны белгілі.

Бірақ Тунисте жағдай тіпті қиын. Елде дәрі-дәрмек жоқтың қасы. Дерті ауыр науқастар жүріп-тұра алмай қалған. Жүрек ауруы, қатерлі ісік пен қант диабетіне шалдыққандардың жағдайы тіпті қиын.

Тунисте экономикалық жағдай тығырыққа тірелді. Елде әлеуметтік мәлеселер күрделене түсті. Қазір тұрғындар дәрі-дәрмек таппай әлек. Бұған үкіметтің импортты күрт азайтуы себеп. Тапшылыққа байланысты халық арасында байбалам басталды. Дертіне шипа іздегендер не істейтіндерін білмейді.

Әбдессалем Марауни, жергілікті студент:
- Қазір жағдайым бұрынғыдай емес. Көзіме тамызатын дәрі жоқ. Сирек кездесетін ауруым бар. Дәрі қабылдамасам, көзім бұлдырап, дұрыс көрмеймін. Заңгер мамандығына оқып жүргенмін. Биыл жыл басталғалы сабаққа қатыса алмай жүрмін.

Дәріхана қызметкерлерінің айтуынша, елде бірнеше ай бойы осылай дәрі тапшы. Қазір дәріхана сөрелерінде препараттардың жүздеген түрі жоқ. Әсіресе, созылмалы аурулары бар, соның ішінде жүрек ауруы, қатерлі ісік және қант диабетіне  шалдыққандар қиналып қалған.

Нахия Гуадри, жергілікті тұрғын:
- Мен дәрімді қабылдамай жүргеніме бірнеше апта болды. Қазір уақытша  дәрумендерге жүгініп, денсаулығымды бір деңгейде ұстап тұрмын. Без ауруына шалдыққанмын. Дәрімді таппасам, тіпті қимылдамай қалуым мүмкін.

Бұл жағдай Тунисте қоғам наразылығын күшейтіп отыр. Үкіметке қарсы топтар көбейді. Бизнес өкілдері шығынымыз шаш етектен деп шағымданады. Қазір елде дәріден бөлек, азық-түлік, соның ішінде нан, сұйық май, сүт өнімдері тапшы. Сарапшылар шетел валютасының резерві айтарлықтай кеміп отыр дейді. Ал ауыр сырқаты бар науқастар енді қара нарыққа жүгінуге мәжбүр.

Бұл Нәбіл Бухили жергілікті дәрігерлермен бірлесе отырып, өз ауданы бойынша дәрі алмасу бөлімін ашып қойған. Ресми емес. Ол шетелге саяхаттайтын адамдардан, сондай-ақ емделіп алған тұрғындардан қалып қалған препараттарын рецеппен таратады.

Нәбіл Бухили, «Төтенше медициналық көмек» тобының өкілі:
- Дәрі-дәрмек тапшылығы мен шарықтаған бағаны ескеріп, біз әлеуметтік желіде осындай топ құрдық. Біздің ұранымыз – «Пайдаланбаған дәріңізбен бөлісіңіз, бұл басқа біреуге қажет». Бізге күнде ондаған адам келеді. Көбінде жазылмайтын, созылмалы аурулары барлар. Әдетте маған рецепт көрсетеді, мен тегін беремін.

Науфель Әмір, дәріхана басшысы:
- Қазіргі таңда көп дәрі қолжетімсіз. Шетелден келетін прапараттар жоқтың қасы. Елдегі қаржы жағдайы, зейнетқа жүйесі, денсаулық сақтау саласы бәрі құлдырап тұр. Біздің ел шетелдік зертханаларға қарызға батқан. Сондықтан дәрі тапшы.

Тунисте елдегі ауруханалар мен сауда орталықтарына дәрі-дәрмек мемлекеттік орталық дәріхана арқылы беріледі екен. Әмірдің  айтуынша, Орталық дәріхана тапсырыс беруші компанияларға 325 млн доллар қарыз болып қалған. Мекеме тіпті құзырлы органдарға төлемдерді кешіктірген. Тунис билігі енді Халықаралық валюта қорынан 2 млдр-қа жуық доллар көлемде қарыз алуды көздеп отыр. Әйтпесе, ел экономикасы дефолт жариялауы керек. Бірақ бұған ел президенті Каис Саид қарсы. Осылайша халықаралық ұйыммен келіссөздер тығырыққа тірелген.

Авторы: Мақпал Сержанқызы