Әлемдегі экологиялық ахуал көңіл көншітпейді
Ауаға бөлінетін зиянды заттардың кесірінен Чили астанасы Сантьягоны қою түтін тұмшалады.
Яғни ауадағы қатты және сұйық бөлшектер шамадан тыс көбейіп кеткен. Осыған байланысты жергілікті билік тұрғындарға ескерту жасап, көшеде бетперде тағып жүруге кеңес беріп жатыр. Өйткені вирус таралып кете ме деген қауіп бар. Денсаулық сақтау министрі келтірген мәлімет бойынша кейінгі бірнеше аптада балалар арасында респираторлық вирус жұқтыру деректері күрт көбейіп кеткен. Айта кетейін, Сантьяго Латын америкасындағы ең лас қалалардың бірі саналады.
Ксимена Агилера, Чилидің денсаулық сақтау министрі:
- Қазіргі жағдайға қатты алаңдап отырмыз. Себебі соңғы бірнеше аптаның ішінде кішкентай балалар арасында ауамен тарайтын вирустық ауруларға шалдығу деректері артып кетті.
Ысырапшылдыққа жол жоқ
Оңтүстік Африка республикасында кәсіпорындар атмосфераға бөлінетін метан мөлшерін азайту үшін тамақ қалдықтарын қайта өңдеп, тыңайтқышқа айналдыруға кірісті. Бұл климаттың өзгеруімен күрес мақсатында жасалып отыр. Өйткені полигонда жатқан тамақ қалдықтары шірігеннен кейін метан бөледі. Ал бұл жаһандық жылынуға әкеп соқтыратын парниктік газға жатады. БҰҰ-ның мәліметне сәйкес, әлемде өндірілетін азық-түліктің үштен бірі қоқысқа тасталады. Демек жыл сайын 1,3 миллиард тонна тамақ тұтынылмайды деген сөз. Бір ғана Оңтүстік Африка Республикасының өзінде жылына 10 миллион тонна азық-түлік қоқысқа тасталады.
Гэвин Херон, экобелсенді:
- Әлем қиындық алдында тұр. Бәріміз климаттың өзгеріп жатқанын естіп, біліп жүрміз. Сондықтан әрқайсысымыз қоршаған ортаны қорғауға өз үлесімізді қосуымыз керек. Көмірқышқыл газы планетамыздың болашағына қаншалықты кері әсер ететінін ойлануымыз қажет.
Пластик әлемге қауіп төндіріп тұр
Жалпы әлемде әр секунд сайын қоршаған ортаға 1 жүк көлігіндей пластик қоқыс тасталады. Осылай жалғаса берсе, 2050 жылға қарай қалдықтан ауаға парниктік газдың таралуы 6,5 гигатонға жетеді. Сондықтан сарапшылар пластик құтыны өңдеу, қайта пайдалану немесе оны экологиялық материалдармен алмастыру керегін айтады.
Ингер Андерсен, БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының атқарушы директоры:
- Біз пластик өнімдерді өндіру, пайдалану және қоқысқа тастауға дейінгі барлық кезеңді реттейтін ауқымды құжатты қабылдауға шақырамыз. Бұл мұхиттар мен теңіздердің ластануын алдын алуға мүмкіндік береді.