Маржанды рифтерді қорғау назарға алынды
Климаттың өзгеруінен Австралиядағы Үлкен маржан рифі жойылып кетуі мүмкін.
Ал Индонезиядағы кораллдарға браконерьерлерден қауіп төнді. Ахуалға байланысты жергілікті билік пен ғалымдар бірегей экожүйені қорғайтын бірқатар жобаны қолға алған.
Австралияның солтүстік-шығысындағы мыңдаған жылдық тарихы бар Үлкен тосқауыл рифі соңғы 20-30 жылда қатты өзгеріске ұшырады. Жаһандық жылынудан 2,5 мыңдай шақарым жерге созылып жатқан экожүйе талай мәрте бүлініп, жойылып кете жаздады. Жақында жергілікті билік алып маржанды қорғау үшін 7 жылдық бағдарлама қабылдап, 3 миллиард доллар бөлді.
Фанни Дувер, ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұрасы орталығының теңіз бағдарламасы басшысы:
- Бұл маржанды рифтер өте күрделі экожүйе. Ол бір күнде түзеліп, қалпына келе қалмайды. Оларды жаңғырту ұзақ уақытты алатын процесс. Және көп еңбекті қажет етеді.
Ал Индонезияның Макасар бұғазындағы маржанды рифтер браконьерлердің әрекетінен жапа шеккен. Балықты жарылғыш затпен аулаудың кесірінен теңіздегі тіршілік көзінің түгелімен жойылып кетуіне сәл қалған. Жергілікті ғалымдар экожүйені қорғау үшін арнайы жобаны іске қосты.
Сяфьюдин Юсуф, ғалым:
- Біз балықшылармен кездесіп, олардың кәсіпте жарлығыш заттарды қолданудан маржанды рифтер қалай жапа шегетінін түсіндіреміз. Және оларды қорғаудың қаншалықты маңызды екенін айтамыз.
Экологияға аса қауіпті болып көрінбейтін балдыр шаруашылығы мұхиттағы тіршілік иелеріне зор зиян келтіреді. Мысалы, АҚШ-та биоотын алу мақсатында теңіз балдырларын өсіруден көк киттердің өміріне қауіп күшейген. Өйткені бұл өсімдіктерді баптап, молайту үшін қолданылатын жіптерге алып сүтқоректілер шырмалып, жан тәсілім етеді. Осыған байланысты эко жанашырлар биліктен тиісті шаралар қабылдап, пайдалы кәсіпті тиімді жүргізудің жолдарын қарастыруға шақырып отыр.
Авторы: Дәурен Ақашұлы