Канададағы өрт Эдсон қаласына қауіп төндіріп тұр

Канада орманындағы өрт әлі ие ырық берер емес.

Тілсіз жау қазір Эдсон қаласына қауіп төндіріп тұр. Билік шаһардағы барлық 8 мың 400 тұрғынға шұғыл қауіпсіз жерге көшуге нұсқау берген. От 200 мыңнан астам гектар жасыл желекті күлге айналдырған. Табиғи апат ошағы - Альберта провинциясында 78 өрт тіркелген. Шенеуніктер оттың өршуіне күшті жел әсер етіп отыр дейді. Эдсон аймағында 342 үй жарықсыз қалғанын айтып, жедел желіге хабарласқан. Метерологтар аптап ыстықтың беті әлі 3 күн бойы қайтпайды деп ескертті.