Мәскеуде Ресей қазақтары бас қосты
Жиынды «Отандастар» қоры ұйымдастырған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ауқымы мен мазмұны жағынан мұндай жиын соңғы 30 жылда өтпеген екен. Бұл әсіресе шеттегі қазақ жастарына пайдасы мол кездесу болды, - дейді ағайын.
Алтайдан Астраханға дейнгі қандастарды біріктірген жиын «Қазақстан» павильонында өтті. Мұндай ауқымды басқосу соңғы рет Ресейде 30 жыл бұрын өткен екен.
Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар» қорының президенті:
- Жиында негізгі талқыланған мәселе, әрине, бұл – Ресейдегі қазақ ұйымдары мен белсенділері арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Өздерінің жасап жатқан жобалары бойынша тәжірибемен бөлісу. Сонымен қатар «Отандастар» қорымен, жалпы Қазақстанмен өзара мәдени-гуманитарлық байланысты дамыту бойынша ұсыыныстар енгізілді.
Ресей қазақтарын қатты толғандыратын мәселе бар. Ол – жастарға ана тілін үйрету. Қазақтар көп тұратын ресейлік өңірлерде тіл курстары бар. Дегенмен мұғалімдерді дайындау, оқулықтармен қамтамасыз ету сияқты шешілмеген түйіткілдер көп.
Сәуле Тайкешева, «Қазақ тiлi» халықаралық орталық өкілдігінің басшысы:
- Тілге деген қызығушылық өте маңызды орын алып тұр. Осыған орай «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы Ресей өңірлерінде дөңгелек үстелдер тілге арналған және мәдениетімізді насихаттайтын көптеген жоба өткізіп, генетикалық жақтарын оятып жатырмыз деген сөз.
«Отандастар» қоры ұйымдастырған «жазғы лагерьге» Ресейден 70-ке жуық бала қатысып, осы елдегі 12 қазақ мәдени орталығына «Қоржын» жобасы аясында ұлттық киімдер мен музыкалық аспаптар тарту етілген. Жиынға қатысушылардың барлығы өз ойларын ортаға салып, еркін пікір алмасуға мүмкіндік алды.
Басқосуда «Отандастар» қорының қызмет ауқымын кеңейтіп, қандастарды қолдауға бағытталған жобаларын көбейту, шетелдегі қазақ жастарына арналған білім грантын арттырып, талапты жеңілдету сияқты түйіткілдер талқыланды. Алдағы уақытта жазғы лагерге баратын жастардың санын еселеп, тарихи отан Қазақстанға экскурсия ұйымдастыру жолдары назарға алынды.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.