ШЫҰ халықаралық байланыстарды нығайтып жатыр
Шанхай ынтымақтастық ұйымына 22 жыл толды, деп хабарлайды «Хабар 24».
2001 жылы құрылған ұйымға алғашында 6 мемлекет: Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей мен Тәжікстан кірген. Кейін Үндістан мен Пәкістан қосылды.
Ұйымның құрылған күні құрметіне Циндао қаласында дипломатия және ұйымның бауырлас қалаларының форумы өтті. Ашылу салтанаты аясында балалар мен жастардың мәдени-спорт фестивалі ұйымдастырылды.
Камила Қараманова, форумға қатысушы:
- Бүгін осы форумға қатыстым. Бұл – мен үшін үлкен абырой. Қазақстандағы халықтар достығын баяндадым.
Ху Лили, ШЫҰ Технологиялар трансфері орталығының департамент директоры:
- Осындай шаралар технология саласындағы ынтымақтастығымызды нығайтып, дарынды мамандар табуға көмектесетініне үміттіміз. Болашақта осындай форумдарды өзге елдерде де ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Жастар сайысына қатысушылардың ақшалай сыйлық ұтып алу мүмкіндігімен қатар өз жобаларын техникалық тұрғыдан дамытуға, нарыққа шығаруға көмек ала алады.
Шара қорытындысы бойынша Циндао бастамасы қабылданды. Онда медицина, жастар саясаты, білім, мәдениет және спорт салаларында ынтымақтасу арқылы халықтар арасында достықты нығайту қажеттігі жазылды.