АҚШ-тағы ауа райы: 50 млн адамға қауіп төніп тұр

АҚШ-та 50 миллионнан астам адамға қолайсыз ауа райы қатер төндіріп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір штаттарда дауыл соғып, бұршақ жауса, енді бірінде аптап ыстық жергілікті тұрғындарды әуреге салды. Ал кеше Техаста тұрған құйыннан бірнеше адам қаза тапты. 

Нұрбек Бекен, тілші:

- АҚШ-тың оңтүстігіндегі Техаста бірнеше рет құйын жел тұрды. Жойқын дауылдан Перритон қаласы қатты зардап шекті. 3 адам қаза тапқан, оның ішінде 11 жастағы бала бар. Түрлі дене жарақаттарын алған 100-ден астам тұрғын ауруханаға жеткізілді. 30-дан астам үй қирап қалды. Құтқарушылар үйінді астынан тірі қалған адамдарды іздестіріп жатыр. Алапат дауыл тіпті бірнеше тонналық ауыр жүк көліктерін те аударып өткен. Жалпы құйынның кесірінен қаладағы 8 мың үй мен кәсіпкерлік нысандарға зақым келді.  Жарық және телефон желілері үзіліп, кейбір елді-мекендерге қозғалыс тоқтады. Техас штатының губернаторы табиғи апатқа байланысты төтенше жағдай жариялады.

Техас қана емес, Оклахома және Мичиган штаттарын да табиғаттың тосын мінезі әбігерге салды. Торнадо АҚШ-тың оңтүстік аймағындағы штаттарда жүз мыңдаған тұрғын үйді жарықсыз қалдырды. Халық дүлей желден ғана емес, бұршақтан да зардап шекті. Арканзастың ондаған қаласында тас бұршақтан көптеген баспана мен көліктер бүлінді.

Ауа райын болжайтындар елдің оңтүстігі мен Атлант жағалауында жойқын құйын тұруы мүмкін деп мәлімдеді. Оның ішінде Алабама, Арканзас штаттарында дүлей дауыл соқуы ықтимал. Вашингтон қаласында жел көтеріліп, бұршақ жауады деп болжанады.

Авторы: Нұрбек Бекен.