Түркі мемлекеттерінің өкілдері Ташкентте бас қосты
Түбі бір түркі елдерінің бай мұрасы насихатталып, тарихи құндылықтары кең дәріптеледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Халықаралық «Түрксой» ұйымы бұл іске тың серпін беруге дайын. Ташкентке жиналған бауырлас мемлекеттердің өкілдері жаһандану дәуірінде өткенімізді жаңғыртып, бүгінімізді біріктіре түсуге уағдаласты. Әуелі сурет көрмесі ұйымдастырылып, тұтас түркі дүниесінің бай мұрасы көпшілік назарына ұсынылды. Ал форумдар сарайында ұйымның 30 жылдық мерейтойы атап өтілді. Ортақ құндылықтарымызға сай шығармашылық қойылым көрсетілді. Еліміз «Түрксойға» құрылған кезден бері мүше. Анкарадағы кеңсесінде өкілдеріміз жұмыс істейді. Халықаралық бірлестік Ахмет Байтұрсынұлының 150 және Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығын әлемдік деңгейде атап өтуге үлес қосты. Әрі «Қорқыт ата» кинофестивалінде қазақ киноларының кең танылуына атсалысты.
Нұрғиса Дәуешов, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі:
- Біздің мәдениетімізді дамытып келе жатқан ұйымның айтулы мерекесі өзінің қызметіндегі нәтижесі, жетістіктерімен осы әр түркі баласына деген жетістікпен кеп отыр деп есептеймін. Жаһандану кезеңінде түркі мәдениетін, ата-бабамыз қалдырған өнерді жеткізу – біздің мақсаты. Мерейтой аясында осы жоспарлар бекітілді.