Есірткіге «отырған» адам саны артып барады

Бүгін халықаралық есірткіге қарсы күрес күні.

Біріккен Ұлттар ұйымының дерегі бойынша жер шарында зиянды заттарды тұтынушылар үлесі жылдан жылға артып барады. Бүгінде олардың саны 284 миллионнан асқан. Ал есірткімен күрес қалай жүріп жатыр?

Әлемде есірткіге «отырған» адамдар саны артып барады. Бұл мәселе әсіресе жастар арасында өзекті болып тұр. Мәселен, қара құрлықта есірткі шырмауына түскен науқастардың 70 пайызы 35-ке толмаған. АҚШ-тағы жағдай мүлдем жантүршігерлік. Былтыр бұл елде 109 мың адам ажал құшқан. Өлім деректерінің үштен екісі синтетикалық есірткілермен байланысты дейді мамандар. 

Эндрю Колодный, есірткілерді зерттеу саласындағы сарапшы:

- Соңғы 20 жыл бойы АҚШ есірткіні шамадан тыс пайдаланып көз жұмғандар саны жағынан рекорд орнатып келеді. Бұл заттарды қолдануда белгілі бір қауіп болғанымен, ауруды басуға көмектеседі. Дегенмен, тым көп рецепт жазып беруді қысқарту қажет. 

Ал Бразилия, Колумбия мен Перу шекараларына жақын өмір сүретін тұрғындар есірткі тасымалымен байланысты қылмыстардан қиындық көріп отыр. Өйткені шалғайдағы елді мекендерде құқық қорғау органдары да, медициналық  мекемелер де жоқ. Соның салдарынан тұрғындар есірткі картельдерінен не қорғана да алмайды, не қажетті ем-домды ала алмайды.  Мұндай жағдай тіпті ел ішіндегі алып мегаполисте де байқалады. Мәселен, Бразилияның Сан-Паулу қаласында есірткінің кең таралғаны сонша, дүкендер жабылып, азаматтар қаладан жаппай көшіп жатыр.  

Даниэль Бонфим, саудагер:

- Күніне орташа есеппен 2-3 сатып алушы келеді. Сондықтан шығынға батып жатырмын. Өйткені адам келмейтін күндер де болады. 

Амазонка бассейніндегі есірткі саудасы қазіргі таңда қылмыстың өзге түрлеріне де жол ашып отыр. Атап айтсақ, орман алқаптарын отау, қазба байлықтарын заңсыз алу мен жабайы аңдар саудасы етек жайған. Соның кесірінен байырғы халықтар өз жерінен өкше көтеріп, өзге өңірден қоныс табуға мәжбүр.