Ұлыбританияда домбыра ұлықталды

Ұлыбритания төрінде ұлттық аспабымыз ұлықталды.

Лондондағы қазақтар әйгілі Биг Бен мұнарасының алдына жиылып, домбыра тартты, ән шырқады. Өнерпаздарға дүниенің төрт бұрышынан ағылған жұрт қол соғып, қошемет көрсетті.

Еркін Бекбаев Қазақстанда туып, Ұлыбританияда өскен отандасымыз. 16 жасында білім қуып, Тұманды Альбионға кеткен ол тілдік ортаның жоқтығынан қазақшасын ұмытыңқырап қалған. Бірақ атасы үйреткен домбыра тарту өнерін естен шығармаған. Аспабын өзімен бірге алып жүретін Еркін бұл жолы да дәстүрінен жаңылмады. 

Еркін Бекбаев, студент:

- Мен бүгін “Адай”, “Ата толғау” күйлерін орындадым. Сондай-ақ “Қара жорға”, “Домбыра” әндерін айттым. Жаһандану дәурінде, шетелде өскен қазақ балалары үшін кім екеніңді ұмытып қалу қаупі өте жоғары. Домбыра маған төл мәдениетімді естен шығармауға мол мүмкіндік береді. 

Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі Лондонда жұмыс немесе оқу бабымен уақытша тұрып жатқан отандастырымыздың басын біріктіріп, шетелдіктерге ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді паш етті. Флешмобқа көрші қалалардан келген қазақ студенттері де қатысты. 

Әсем Аймағанова, студент:

- Сонау Ковентриден, екі сағаттық жерден таңғы алтыда тұрып, келдік осы жерге. Домбырамыздың үнін естіртіп жатқанымыз өте-өте жақсы. Солай бізді тани бастайды, ел ретінде көре бастайды, осылай біздің еліміздің аты шығады.

Бигбен жанында жүрген шетелдік туристердің ұлттық аспабымызға деген қызығушылығы жоғары болды. АҚШ, Австрия, Үндістандық азаматтар әуелеген әсем әндерді ұйып тыңдап, таңданыстарын жасырмады. Ұлттық киім киген жастармен фотоға түсіп, домбыра туралы ақпарат алды. Кейбірі музыкалық аспапта ойнап та көрді.

Джудас Уолтер, Австрия азаматы:

- Қызым музыканы жақсы көреді. Аспаптың даусын естіп, ұйып тыңдай жөнелді. Бізде домбыраның әсем үніне тәнті болдық. Қос ішектен ғана тұрса да әуезді үні керемет әсерге бөлейді екен.  

Кэйси Джеймс, АҚШ азаматы:

- Мен бұрын географияны жақсы көретінмін. Ол менің хоббиім болды. Қазақстан Орталық Азияда орналасқан ел екенін білемін. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанмен шекераласады. Сіздерде жылқы өсіру мәдениеті жақсы дамыған.

Алдағы уақытта Абай ұстаған домбыраның көшірмесін Британ мұражайына табыстау жоспарда бар. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Ұлы ақынның ғибратты ғұмыры мен шығармашылығынан хабардар әлем халқы енді оған тиесілі құнды жәдігерді де тамашалай алатын болады.

Ғалымжан Қараманұлы