Француз депутаттары Қазақстанмен ынтымақтастықты арттыруға ниетті
Француз депутаттары біздің елмен ынтымақтастықты нығайтуды қалайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бесінші республикада былтыр өткен парламенттік сайлаудан кейін Франция-Қазақстан достық тобының жаңа құрамы бекітілген. Парижде осы ұйымның кездесуі өтіп, серіктестіктің келешегі талқыланды. Француз парламентарийлері демократиялық процесті қолдау, экономика және жасыл энергетика саласында әріптестікті кеңейтуді ұсынып отыр.
Натали Озиоль, Франция-Қазақстан достық тобының президенті:
- Біздің мемлекеттер арасында ынтымақтастық мүмкіндіктері артып келеді. Экономика саласында тығыз байланыс орнаған. Бірақ жаңа халықаралық жағдайлар серіктестікті ұлғайтуды талап етеді. Мысалы, Қазақстан мен Францияда климаттың өзгеруі байқалады. Сол себепті біз жаңа сын-қатерлерге бейімделіп, өзара қарым-қатынасты кеңейтуге күш салуымыз керек.