Әлем елдері жаһандық жылыну салдарынан жапа шегіп жатыр. Шартарап

Жыл өткен сайын жер шарының орташа жылдық температурасы өзгеріп барады.

Соның салдарынан әлем елдері айтарлықтай жапа шегіп жатыр. Мәселен, Бейжіңде қауіптің қызыл деңгейі жарияланды. Онда ашық аспан астында жұмыс істеуге тыйым салынған. Ми қайнатар ыстық АҚШ пен Еуропа тұрғындарын да әбігерге салып жатыр. Ауа райының тосын мінез көрсетуіне не себеп?

Сарапшылардың сөзінше, ең бірінші себеп – климаттың өзгеруі. Соның салдарынан Антарктидадағы мұздықтар да еріп жатыр екен. Бұл аздай, түнеугүні ғана жер жұрты тарихтағы ең ыстық күнді бастан өткірді.

 

Жаһандық жылынудың салдары

Жер бетінде күн шамадан тыс ысып барады. Бұл – БҰҰ-ның баяндамасында жарияланған мәлімет. Қазір ғалымдар дабыл қағып жатыр. Өйткені мұның арты қиынға соғады. Жаһан жұрты қазірдің өзінде апатап ыстықтан зардап шегіп жатыр. Өрттер өршіп, өзендер тасып, қуаңшылық күшейіп, мәңгілік мұздардың мүжіліп бара жатқаны туралы бұқаралық ақпарат құралдарында көп айтылып, жиі жазылып жүр. Бұл мәселеге қатысты жуырда тағы бір жантүршігерлік ақпар жария болды. Жер бетінде ең жоғарғы температура тіркелді. АҚШ-тың Қоршаған ортаны болжау жөніндегі ұлттық орталығы мамандарының айтуынша, жаһандық орташа температура 17 градусқа жеткен. Осылайша, 2016 жылғы рекорд жаңартылып отыр. Планетамыздың біраз бөлігінде сынап бағанасы орташа есеппен 37 градусты көрсетіп тұрған кезде бұл көрсеткіш болмашы болып көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнісінде мүлдем олай емес, - дейді ғалымдар.

Сара Капник, Мұхит және атмосфераны зерттеу жөніндегі ұлттық басқарманың бас ғалымы:

- Менің ойымша, Жер бетінде тіркеліп жатқан экстремалды ауа райы зиянды заттардың атмосфераға таралуы тоқтамайынша жалғаса береді. Климат өзгеріп, жаңа рекордтық көрсеткіштер тіркеледі.

Айта кетейін, ХІХ-ХХ ғасырларда әлемдегі орташа температура қазіргіден 1,8 градусқа төмен болған. Мамандардың айтуынша, күннің бара-бара ысып жатқанын жекелеген аймақтардан байқауға болады. Мәселен, Канада мен Перуде, Қытай мен АҚШ-та ауа температурасы бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен.

 

Латын Америкасында аптап ыстық

Иә, мұның бәрі – климаттың өзгеруінің әсері. Соның салдарынан қазір жер-жерде хаос орнап жатыр. Мұны Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының мамандары да мойындап отыр. Мәселен, Латын Америкасында кейінгі 30 жылда ауа температурасы әр он жыл сайын 0,2 градусқа көтеріліп отырған. Бұл – бұрын-соңды болмаған жағдай, - дейді ұйым өкілдері. Соның кесірінен қуаңшылық көбейіп, орман өрті жиілеп кеткен. Ал одан шыққан көмірқышқыл газы соңғы 20 жылда болмаған көрсеткішке жетіпті. Мамандардың айтуынша, құрғақшылық пен түрлі дауылдардан Латын Америкасындағы мемлекеттердің экономикасы 9 миллиард доллар шығынға батқан.

Петтери Таалас, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының бас хатшысы:

- Климаттың өзгеруіне бейімделуіміз керек, өйткені бұл үрдіс кем дегенде 2060 жылға дейін жалғасады. Жыл өткен сайын бұрын-соңды болмаған аптап пен құрғақшылық жер шарында жиілей түседі. Кариб аймағындағы дауылдар әлдеқайда қауіптірек болады.

 

Теңіз деңгейі көтеріліп жатыр

Климаттың өзгеруінен жалғыз Латын Америкасы ғана жапа шегіп жатқан жоқ қазір. Жаһандық жылыну құрбандары Азияда да тіркеліп жатыр. Мәселен, Индонезия астанасы Джакартадан 80 шақырым жерде орналасқан бір ауыл түгел су астына кетуі мүмкін. Теңіздің қазіргі деңгейі жергілікті тұрғындарды алаңдатып отыр. Өйткені кейінгі 2 жылда жағалау 6 метрге қысқарып қалған. Ғалымдардың болжамы бойынша, алдағы жылдары аралдың басым бөлігін су басуы мүмкін.

Эдвин Олдриан, метеорология және климатология профессоры:

- Яваның солтүстігіндегі жағалау аймақтарына үлкен қауіп бар. Толқын күніне кемі 2 рет шаяды. Ал топырақ эрозиясы климаттық өзгерістерді тездетеді.

- Ауылдың бюджеті өте шектеулі, көмек аз. Біз өз қолымызбен толқындарға қарсы ағаш қадалар бекітіп, тас бөгет саламыз.

- Әр толқын шайған сайын 20 қап қажет. Мен күніне шамамен 100 қаптай құм жинаймын. Бірақ оның өзі әлсіз, су шайып кете береді.

Жалпы Біріккен Ұлттар Ұйымы келтірген мәліметке сәйкес 30 жылдың ішінде тек бұл ауылда емес, әлем бойынша миллиондаған адам теңіз деңгейінің көтерілуі секілді климаттық апаттар кесірінен қоныс аударуға мәжбүр болады. Сондықтан ғалымдар климаттың өзгеруімен күресу үшін шұғыл түрде қосымша шара қабылдау керегін алға тартып отыр.