Моңғолия қазақтарының IV кіші құрылтайы басталды
Моңғолияның Ховд қаласында жергілікті қазақтардың IV кіші құрылтайы басталды деп хабарлайды «Хабар 24».
Іс-шара аясында Қарағандының «Тәттімбет» атындағы академиялық қазақ халық-аспаптар оркестрі жергілікті тұрғындарға арнап концерт өткізді. Екі ел арасындағы достық және ынтымақтастық қатынастар, парламентаралық байланыстар, мәдени гуманитарлық іс-шаралар жайы айтылды.
Моңғолиядағы қазақтардың IV кіші құрылтайы Өлгей қаласында да жалғасты. Мемлекет және қоғам қайраткерлері Құрманхан Мұқамәдиұлы мен Қызырхан Құ-бекұлдарының ескерткіші ашылып, «Ғұламаның ғұмыры», «Өмірім-өзім, ісім-ізім» атты кітаптардың тұсаукесері өтті. Құрылтайдың ашылуында Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берді. Президент екі халықтың достығы мен ынтымақтастығын нығайтатын, мәдени байланыстар жоғары рөлге ие екеніне тоқталып, құрылтай жұмысына сәттілік тіледі. Кездесуде «Отандастар қоры» президенті Абзал Сапарбекұлы жастардың білім алуы, қазақ рухани құндылықтарының шетелдегі қандастар арасында сақталып қалуына қазақ елінің қолдауы жайында айтты. Құрылтай аясында қазақ мәдениеті мен тілінің дамуына ерекше үлес қосқан белсенділер, зиялы қауым және өнер қайраткерлері марапатталды.
Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті:
- Жалпы Моңғолия қазақстары арасында жақсы мақал бар. «Бермесең – алмайсың, бармасаң – алыстайсың» деген сияқты. Бармасаң, келмесең – жат боласың. Бұның басты мақсаты – әрине, шетелдегі қазақтармен байланыстарымызды үзбеу. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақыда ғана Түркістанда өткен ұлттық құрылтайда шетелдегі қазақтармен рухани байланыстарымызды дамыту басты мәселе екенін ол өзінің жеке назарында болатыны атап өткен. Сондықтан бұл сапардың басты мақсаты –֪ мынау Моңғолияда тұрып жатқан оның ішінде Баян-Өлгейде тұрып жатқан қазақ қандастарымызбен қауышу. Қандастарымызбен отырып ортадағы келелеі мәселелерді талқылау.