Вашингтонда қазақ қолөнершілерінің жұмыстары таныстырылды
АҚШ астанасы Вашингтонда қазақ қолөнершілерінің жұмыстары таныстырылды.
Олар америкалық көрерменге шеберлік сағатын өткізіп, өздері жасаған бұйымдарды таныстырды. Жалпы Смитсон фольклорлық фестивалі аясында өтіп жатқан «Тәңір әлемі» бағдарламасына қазақстандық қолөнершілер Шеврон компаниясының қолдауымен барып отыр. Шілденің 11-не дейін жалғасатын мәдени шарада қазақтың бай мұрасы, дәстүрі мен қолөнері жан-жақты таныстырылады.
Капитолий мен Вашингтон мемориялының қақ ортасында, АҚШ астанасының төрінде қазақтың қолөнершілері жұрт назарын өзіне аударды. Смитсон халықтық фестиваліне сегіз шебер келді. Олар киіз басу, кесте, тоқыма, ағаш ою, музыкалық аспаптар жасау сияқты ертеден келе жатқан ұлттық бай мұраны таныстырды.
Айжан Бекқұлова, Қазақстан қолөнершілері одағының төрайымы:
- Фестивальдің екінші күнінде-ақ, біздің жанкүйерлеріміз пайда болды. Кеше күні бойы бізбен болған олар, бүгін тағы бір жаңа нәрсе үйренсем, тың дүниені танысам деп қайта келіп көріп жатыр. Бұйымдарымызға қызығушылық өте жоғары.
Көнеден келе жатқан ырым – аластауды да америкалықтар таңдана тамашалады. Бұдан бөлек киіз басу өнеріне куә болып, өздері де арнайы инемен жүн талшықтарын нығыздап көрді.
Эми, Вашингтон тұрғыны:
- Керемет. Мынандай жұқа жүннен осындай дүние шығад деп ойламаппын. Мұндайды алғаш көруім.
Ержан Ашықбаев, ҚР АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстанда жұмыс істеп жатқан ең үлкен, алғаш инвесторымыз Шеврон компаниясының қолдауымен біздің қолөнершілер келіп отыр. Орталық Азиядан тек Қазақстанның экспозициясы тұр осы жерде. Ғаламдық бәсекелестік десек, бұл ғаламдық бәсекелестік десек, мәдени салада да сондай бәсеке бар.
Жыл сайын өтетін мәдени шараға АҚШ-тың 50 штатынан бөлек, әлемнің 100-ден астам елінен туристер келеді.
Авторы: Нұрбек Бекен