Испанияда аптап ыстыққа байланысты сақтық шаралары күшейтілді
Испанияда жаз басталғалы аптап ыстық елдің апшысын қуырып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мадрид тұрғындары күннен қашып, көлеңке іздеп әлек. Ауа температурасы шаһарда 40 градусқа жеткен. Ел астанасының кей аудандарында тіпті ашық аспан астында жұмыс істеуге тыйым салынды. Бірқатар компания жұмыс уақытын қысқартуға мәжбүр болған. Соңғы деректерге қарасақ, Испанияның оңтүстігіндегі Кордова және Хаэн қалаларында күн райы 44 градусқа дейін ысып кеткен. Жергілікті билік жедел жәрдем қызметін және өрт қауіпсіздігін мейлінше күшейтіп отыр. Синоптиктер аптап ыстық алдағы күндері де жалғасады дейді.