Түркі әлемінің ең алғашқы ұйымы ТҮРКСОЙ-ға 30 жыл толды
Бүгін Түркі әлемінің ең алғашқы халықаралық ұйымы – ТҮРКСОЙ-дың құрылғанына 30 жыл.
1993 жылдың 12 шілдесінде Алматыда Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Түрікменстан мемлекеттерінің Мәдениет министрлерінің кездесуі кезінде құрылған ұйымға қазір 14 ел мүше. Осы ТҮРКСОЙ аясында хакім Абай мен Жамбылдың, басқа да қазақтың ірі тұлғаларының мерейтойлары аталып өтті. Биыл Сұлтан Байбарыстың 800 жылдығы мен Темірбек Жүргенов, Бикен Римова және Мұзафан Әлімбаевтың 100 жылдығы тойланып жатыр. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде 2023 жылы түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сы саналатын ТҮРКСОЙ-дың құрылғанына 30 жыл толатынын еске салып, бұл мерейлі оқиғаны жоғары деңгейде атап өтуге шақырған болатын.
Сұлтан Раев, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысы:
- Бұл мерекенің мәні зор. ТҮРКСОЙ ұйымы 1993 жылдың 12 шілдесінде Алматыда құрылған. Қазіргі күнде Қазақстанмен тығыз байланыстамыз. Қазақстан – ТҮРКСОЙ-дың локомотиві. Әрқашан ірі жобаларды атқардық. Алдағы уақытта да жұмысымыз жалғасады. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз да жоғарғы деңгейде.