Гонконг Жапонияның балығынан ат тонын алып қашты
"Фукусима-1" атом электр станциясының суы мұхитқа төгілсе, Гонконг Жапониядан келген теңіз өнімдерінің импортына тыйым салады.
Қытайдың арнайы әкімшілік ауданының билігі осындай ескерту жасады. Бұл күншығыс еліне айтарлықтай шығын әкелуі мүмкін. Өйткені жапондық ауыл және балық шаруашылығы өнімдерінің экспорты бойынша Гонконг екінші ірі нарық саналады. Бірінші орында құрлықтық Қытай тұр. Бұған дейін ресми Бейжің де тиісті шектеу қойған еді. Жапония болса, судан қауіп жоқ дейді. Алайда Қытай мен Оңтүстік Корея мұнымен келіспей, наразылық танытып отыр.
Цзе Чин-Ван, Гонконгтың Қоршаған ортаны қорғау және экология жөніндегі хатшысы:
"Біз үшін тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігі маңызды. Сақтықта қорлық жоқ демекші, жапон билігі станция аумағындағы суды теңізге төксе, елден келетін өнімдердің импортына тыйым саламыз. Шектеу Жапонияның 10 префектурасына қатысты болады. Бұл өңірлерден біздің ауданға теңіз өнімдері мен тұздың жеткізілуіне рұқсат бермейміз."