Жер шарының әр бұрышында алапат өрт болып жатыр. Шартарап
Аптап ыстық әлемді әбігерге салды.
Жер шарының әр бұрышында алапат өрт болып жатыр. Құрғақшылық пен Африкадан соққан ыстық жел жағдайды одан сайын ушықтырып жіберуі мүмкін. Бұл аздай, қасақана от қою деректері де әшкере болып жатыр.
Грекия ормандарындағы өртті қасақана тұтатты деген күдікпен полиция шетелдік азаматты қамауға алған. Бұл туралы еуропалық ақпарат құралдары хабарлады. Жалпы грек елінде өрт 3 жерде шыққан.
Курортты аймақтар отқа оранды
Мамандар Грекиядағы өрт 20 шілдеде өрши түседі деп дабыл қағып жатыр. Отты сөндіруге күшті жел кедергі. Бірер күн бұрын мына жерде қалың орман болды дегенге қазір сену қиын. Куварас ауылы ел астанасы Афинадан 27-ақ шақырым жерде орналасқан. Елді мекеннің 7 мыңдай тұрғыны шұғыл қауіпсіз жерге көшірілген. Тілсіз жау Сароникос шығанағының жағасындағы атақты Лагонисси жазғы демалыс орнына да үлкен зақым келтірді. Ал Лутраки курортындағы лагерьден 1 мыңнан аса бала эвакуацияланды.
- Кеше таңертең төбеден кішкентай түтін шыққан. Түс ауа ол күшейіп, үлкен жалынға айналды. Бірден әйеліме «Көлікке отыр, кеттік» дедім. Аспанға өршіген өрттің жалыны 5 метрге дейін жетті. Көлік тұрағым толығымен жанып кетті.
Тілсіз жаумен күреске әзірге 150 өрт сөндіруші, 40 арнайы көлік пен 11 ұшақ тартылған. Табиғи апат ел астанасы Афинаға да қауіп төндіріп тұр. Ел билігі 14 мың өрт сөндірушіні дайындап отыр. Сондай-ақ қосымша 6,5 мың адам әзірленген.
Джаннис Каллианос, метеоролог:
- Жыл сайын Еуропаның оңтүстік бөлігінен жылы ауа ағыны өтеді. Сондықтан жаз бойы 4 рет қатты ыстық болуы мүмкін. Бірақ бұл жолғы аптаптың салдары ауыр болғалы тұр. Өйткені Солтүстік Африка жақтан келетін ыстық лептің екпіні уақыт озған сайын күшейіп барады. Климаттың өзгеруі өз дегенін жасап жатыр.
Өрт шығу дерегі жиіледі
Әлемдік туризмнің орталығы Швейцария ормандары да отқа оранды. Өрт Италиямен шекаралас аймақтағы Битч тауында тұтанған. Табиғи апат құрсауындағы аумақтан 200-ден астам тұрғын көшірілді. Қызыл жалынды сөндіруге бірнеше тікұшақ жұмылдырылған. Швейцария полициясы биыл жазда өрт көп болады деп ескертіп жатыр. Өйткені бұл елге де Жерорта теңізінен жақтан ыстық леп соғып, аптап пен құрғақшылық орнаған. Бірақ билік осы жолғы өрттің нақты себебін әлі айтқан жоқ. Арнайы тергеу жүргізіліп жатыр.
Адриенне Белуалд, Вале аймағы полициясының ресми өкілі:
- Бәрі желге байланысты. Егер оның екпіні күшейсе, жағдай әбден ушығуы мүмкін. Біз қазір күн-түн демей жұмыс істеп жатырмыз. Мысалы, кеше түні бойы 2 ауылдың тұрғындарын қауіпсіз жаққа көшірдік. Барлық саланың мамандарын жұмылдырып жатырмыз,
Өрттің басым бөлігі сөндірілді
Ал Испанияның Пальма аралында 3 күн бұрын басталған алапат өрттің біраз бөлігі сөндірілді. Қазір мамандар қалған от ошақтарын өшіруге барын салып жатыр. Төтенше жағдайға байланысты 4 мыңнан астам тұрғын баспаналарын тастап бас сауғалауға мәжбүр болған еді. Тілсіз жаумен күресуге 300 өрт сөндіруші тартылды. Бірақ метеоролгтар босаңсуға болмайды дейді. Өйткені сынап бағанасы күндіз 44, ал түнде 25 градусқа дейін жетуі мүмкін.
Канадада өрт сөндірушілер ажал құшты
2,5 айдан бері қызыл отпен арпалысып жатқан Канадада 2 өрт сөндіруші көз жұмды. Қазір Британиялық Колумбия провинциясындағы жағдай өте қиын. Осы бір ғана аймақта 373 жерде өрт болып жатыр. Оған 2 мыңға жуық маман жұмылдырылған. Олардың жартысы – АҚШ, Мексика, Оңтүстік Корея, Австралия, Франция және Жаңа Зеландиядан көмекке келгендер. Канадада осы сәтке дейін өртенген жердің аумағы 10 миллион гектардан асады. Канадағы өрттің түтіні көршілес АҚШ тұрғындарын әлі улап жатыр. Ал тараған түтіннің зардабы орасан. Шетелдік сарапшының сөзіне құлақ түрейік.
Сара Коммодор, Индиана университеті қоғамдық саулық мектебінің профессоры:
- Биылғы болып жатқан орман өртінен келетін ең үлкен зиян – ауа сапасының нашарлауы. Қазір ауаға газдар мен түрлі улы заттар таралып жатыр. Аэродинамикасы 2,5 микрометрге жететін бұл зиянды қатты бөлшектерді ішке жұту өте қауіпті. Олар тікелей өкпеге барады. Осылайша, тыныс алу мүшесін ғана емес, сондай-ақ адамның бүкіл денсаулығын құртады. Демікпе, жөтел, тамақтың жыбырлауы, көздің жасаурауы жиілеуі мүмкін. Сондықтан далаға көп шықпауға кеңес береміз.
Сарапшылар биыл әлемді ерекше жайлаған аптап ыстықтан абай болуға шақырады. Мәселен, Грекияға қаңтар мен наурыз аралығында ауа ағыны былтырғы жылға қарағанда 87%-ке артық келген. Бұл жазғы мезгілдегі мөлшерден едәуір көп. Еуропалық Ғарыш агенттігі «бұл әлі басы» дейді. Кәрі құрлықтың көптеген қаласында ауа температурасы 40 градустан жоғарылауы жиілейді. Қазірдің өзінде сынап бағанасы бізбен көршілес Қытай мен АҚШ-та 52 градустан асқан. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді қазақ халқы. Мамандардың пікіріне құлақ асып, сақ болған абзал.