Ислам әлемін кемсіту әрекетттері халықаралық қауымдастықты алаңдатты
Ислам әлемін кемсітіп, мұсылмандарды қорлау әрекеттері бүгінде халықаралық қауымдастықты алаңдатып отыр.
Тіпті сөз бостандығы деген сылтаумен діндер арасына от жағып, халықтарды бір-бірімен қақтығыстыруға бағытталған жайттар жиіледі. Әсіресе кәрі құрлық елдерінде. Мұхаммед пайғамбарды келемеждейтін карикатуралардың жариялануы мен Құран Кәрімді өртеу соның айқын көрінісі.
Жыл басында Расмус Палудан есімді белсенді Стокгольм қаласында құранды өртеп, өзінің сорақы әрекетімен бүкіл әлемге бүлік салған еді. Сол кезде мұқым мұсылманды ашындырған акция түнеугүні тағы да қайталанды. Копенгагенде «Дат патриоттары» атты ультраұлтшыл топ өкілдері Ирак елшілігі алдында қасиетті кітапты отқа жақты. Ол аздай, Ирак туын аяққа таптаған. Бұл оқиға Бағдад тұрғындарының шамына тиіп, адамдар наразылыққа шықты.
Қасиетті кітаптарды қорлау бойынша кей елдерде өткен демонстрациялар тәртіпсіздіктерге, полициямен қақтығысқа ұласты. Жұрт Құранды өртеу әрекетін айыптады. Тіпті Швеция елімен дипломатиялық байланысты үзу туралы талап та қойды.
Маулана Фазлур Рехман, шеруші:
- Ислам әлемінің елдері Швецияның елшілерін елден шығаруы керек. Осылайша мұсылман мемлекеттері қасиетті кітапты қорғауға келгенде бірге екенін көрсетулері қажет.
Өз кезегінде бұл мәселеде БҰҰ Бас Ассамблеясы да шет қалмай қасиетті кітаптарды қорлау жөніндегі кез-келген актілерді айыптайтын және мұндай әрекеттерді халықаралық құқық нормаларын бұзу деп танитын қаулы қабылдады. Марокко бастамашы болған құжатты аталған ұйым бірауыздан қабылдады. Қаулыда қасиетті кітаптарға, ғибадат ету орындарына қарсы бағытталған кез келген әрекеттер, сондай-ақ діни орындарға жасалған барлық шабуыл» қатаң түрде айыпталатыны жазылған.