Чилиде мұғалімдер ереуілдетіп жатыр
Оқытушылар ел астанасы Сантьяго көшелеріне шығып, жолдарды жауып, көлік қозғалысына кедергі келтірді.
Ұстаздар жұмыс жағдайын жақсартып, айлықты көтеруді талап етуде. Сондай-ақ, олар 2020 жылы пандемия кезінен бері қызметкерлердің зейнетақы қорына аударылмай келген ақшаны қайтаруды сұрады. Бұған қоса, мұғалімдер "білім ордаларында оқушылар арасында буллинг өршіп кетті" деп дабыл қағуда. Ұстаздардың тағы бір көтерген мәселесі - мектептерде оқытушыларға көп міндет жүктелген. Ашулы жұрт райымыздан қайтпаймыз деп отыр. Мұғалімдер келесі аптада 2 тәулікке созылатын қарсылық акциясын ұйымдастыратын ескертті.
Нэнси Дрогет, мұғалім:
- Биліктегілерге бәрібір. Олар қарапайым халықтың қамын ойлағысы келмейді. Біздің айлық шайлыққа жетпейтінін білмейтін де шығар үкіметтегілер. Білім ордаларында бізге жылдар бойы шамадан тыс міндет жүктеп, қолайлы жағдай жасамайтыны қынжылтады.