Сирияда орман өрті егін алқабын күлге айналдырды
Сирияда орманнан шыққан өрт егіс алқабын күлге айналдырды.
Тілсіз жау Канада мен АҚШ-қа үлкен зардап әкелді. Қызыл жалын Грекияға да қауіп төндіріп тұр.
72 жастағы сириялық ақсақалдың көрмегені жоқ. Соғыс, зілзала зардабына енді өрт қосылды. Оның 700 сотық жерге еккен зәйтүн және жаңғақ ағашы жанып кеткен. Латакия аймағындағы 1 апта бұрын тұтанған от әлі өшкен жоқ. Өртке 40 градустық ыстық пен құрғақшылық себеп. Тілсіз жауды ауыздықтауға жел мен тау-тас кедергі.
Иззадин Зухайра, шаруа:
"Мұндай күн райын ешқашан көрген емеспін. Температура өте жоғары. Соңғы 20 күн бойы аптаптың беті қайтар емес. Еккен ағаштарым өртеніп кетті. Түксіз қалдым".
Грекияда ормандағы өртті ауыздықтау қиын болып тұр
Грекияда алаапат өрт 5 адамның өмірін жалмады. 50 мың гектар жасыл желек жанып кеткен. ПелопоннЕс түбегінде 20 мың тұрғын қауіпсіз жаққа көшірілді. РОдос арала да отқа оранған. Тілсіз жау Крит аралында да тұтануы мүмкін дейді мамандар.
"Өрт оқ-дәрі сақталған қоймаға дейін жетіп, үлкен жарылыс болды. Зардабынан әлі ес жия алмай отырмыз".
АҚШ пен Канададағы орман өрті
АҚШ-тың Калифорния штатындағы Мохаве қорығында өрт мыңнан астам гектарды жойды. Отты сөндіруге жел кедергі жасап тұр. Көршілес Канаданың Осойос қаласының тұрғындары шұғыл көшірілді. Өрттің өршуіне климаттың өзгеруі басты себеп дейді ғалымдар. Біріккен Ұлттар Ұйымы осы ғасырдың аяғына қарай ғаламдық жылынудың қарқыны 50 пайызға артады деп ескертеді.
Ернат Қашқынов