Перуде үкіметке қарсы ереуілдер тыйылмай тұр
Ел астанасы Лимада тағы наразылық шарасы өтті.
Ереуіл Тәуелсіздік күнінде ел президенті Дина Болуартенің арнайы ұйымдастырған салтанатты жиыны кезінде өршіді. Ашуға ерік бергендер полицияға тас және сұйықтығы бар бөтелкелер лақтырған. Тәртіп сақшылары халықты тарату үшін көз жасаурататын газ қолданды. Жиналған жұрт былтыр үкіметке қарсы өткен ереуіл құрбандарының суреттерін қолдарына ұстап шықты. Олар тұрғындардың қуғын-сүргінге ұшырауына мемлекет басшысын айыптап отыр.
Даккада қақтығыстар өршіді
Бангладеште де жағдай тұрақсыз. Даккаға жиналған жұрт ел премьер-министрі Шейх Хасиннің қызметтен кетуін талап етуде. Оппозиция ұйымдастырған қарсылық шарасына жүздеген адам қатысты. Тұрғындар үкімет басшысы жемқорлыққа батқан, елде сайлау әділ өтпейді, халыққа жағдай жасалмайды деп шағымданады. Елдегі қақтығыстарға халықаралық ұйымдар да алаңдаулы. АҚШ, Еуропалық Одақ және БҰҰ үкімет пен оппозиция жақтастарын сабырға шақырып, келесі жылы өтетін сайлауды жоғары деңгейде өткізіп, саяси тұрақсыздыққа жол бермеу керек деп отыр.