Шетелдегі қазақ ғалымдары әлемдік ғылымға үлес қосып жүр

Қазақстандық ғалымдар тағы бір жетістікке жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәлірек айтқанда, ядрофизиктер халықаралық топ құрамына еніп, терең суға нейтрино телескопын жіберіп, тәжірибенің сәтті өтуіне атсалысты.

Мәскеу түбіндегі Дубна қаласында орналасқан Біріккен ядролық зерттеулер институты – 70 жылдық тарихы бар ғылыми орталық. Бүгінде мұнда 16  елдің ғалымдары халықаралық зерттеулер өткізеді. Олардың ішінде 100 шақты қазақстандық ғалымдар бар.  Институттың флагмандық жобаларының бірі – Байкалдың терең суындағы нейтрино телескоп.

Арынбек Ерсұлтан, нейтрондық физика зертханасының қызметкері:

- Компьютерлік модельдеу әдістерін де пайдаланамыз. Біздің жүйелерміздегі есептеулерді бірнеше айдан бірнеше күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Және бұл компьютерді құруда қазақстандық ғалымдардың де үлесі бар. Келешекте осындай суперкомпьютерді Қазақстанда да құруға үлкен жоспарлар бар.

Айдос Әжібеков, ядролық реакция зертханасының қызметкері:

- Осы ғылыми институтта алған тәжірибемізді Қазақстанның ғылыми дамуына жұмсағымыз келеді. Сондықтан прогрессті анықтайтын мемлекеттердің қатарына кіргіміз келеді.  Оған мүмкіндік беретін заттардың бірі - mega science жобалар.

Институттың барлық 7 зертханасында қазақстандық физиктер жобаларын іске асырып жатыр. Олар теориялық және эксперименттік ядролық физика саласындағы зерттеулермен айналысады. Мамандар жас болса да, әлемдік ғылымға қосқан үлестері зор.

Мерей Тезекбаева, тәжірибелі физика зертханасының қызметкері:

- Соңғы бірнеше жылда біздің зертханада аса ауыр элементтердің 6 жаңа элементі, сондай-ақ трансактиноидты элементтердің 50 жаңа изотоптары табылды. Біздің ғылыми топ әлемде бірінші болып жаңа нейтрондық изотопты, тапшы Нобель 249 изотопын синтездеді.

Қазақстандық ғалымдар Біріккен ядролық зерттеулер институтымен ондаған жылдар бойы ортақ жобалар жүргізеді.Тараптар ірі ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамытып, байланыс көкжиегін кеңейтуге ниетті.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.