Оңтүстік Кореяда аптап ыстықтан 23 астам адам қайтыс болды
Елдің барлық аймағында күн күйіп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Билік тұрғындарға далаға шықпауға кеңес берді.
Владислав Цой, тілші :
- Оңтүстік Кореяда төртінші күн қатарынан ауаның максималды температурасы 35 градустан асып отыр. Осыған байланысты Әкімшілік және қауіпсіздік министрлігі, 2019 жылдан бері алғаш рет ыстық туралы ескертуді ең жоғары, қауіпті деңгейге көтерді. Ашық аспан астында жұмыс істеуге мәжбүр болған қарттарға, әлеуметтік жағынан осал азаматтар мен құрылысшыларға билік бақылауды күшейтті. Құтқару қызметінің мәліметінше, 20 мамырдан бүгінге дейін аптап ыстықтан 23 адам қайтыс болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге көп. Олардың дені – ауылда тұрып, егістік пен фермада жұмыс істеген 70-тен асқан зейнеткерлер.
Чон Джи У, Сеул қаласының тұрғыны:
- Ыстық күндері біз дәстүрлі корей тауық сорпасы мен салқын сусындар ішеміз. Салқындатқыш болса, үйде қалуға тырысамыз. Мұндай ауа райында өз басым далаға шықпаймын.
Тимур Ақшүнов, Сеул қаласының тұрғыны:
- Жұмыста бізге минералды су береді. Біреу есінен танып қалған жағдайда, әрине, медициналық көмек көрсетіледі. Бірақ, менің білуімше, аптап ыстықтан көбіне қарт адамдар зардап шегеді.
Владислав Цой, тілші :
- Билік тұрғындарға күн астында дала жұмыстарын жүргізуге, мүмкіндігінше далаға шықпауға кеңес береді. Солтүстік Чолла провинциясында 55 мың ерікті мен әлеуметтік қызметкерлер осал адамдардың денсаулығын тексереді. Чунчхон қаласының билігі тұрғындарға демалу мен салқындату үшін қалалық әкімдік пен аудандық әлеуметтік нысандарға кіруге рұқсат берді. Ульсан қаласының билігі ұйымдарына 14:00-ден 17:00-ге дейін бір сағаттық үзіліс жасауды ұсынды. Бірқатар қалаларда үкімет осал адамдарға электр энергиясы төлемдерін төлеуге көмектесіп жатыр. Өйткені үйлерде кондиционерлер үздіксіз жұмыс істейді. Сондай-ақ бөтелкедегі су көшелерде тегін таратылып, жолдарға су бүркеп салқындатылып жатыр. Осы аптада ауа температурасы біртіндеп төмендей бастайды деп күтіліп отыр. Жыл сайын Кореядағы ең ыстық күндер шілденің аяғы мен тамыз айының басына түсетінін айта кеткен жөн. Сондықтан бұл күндері көптеген кәсіпорындар мен ұйымдарда қызметкерлер еңбек демалысына шығады.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.