Мұхиттардың жылынуы өмірімізге қалай әсер етеді?

Әлемдегі мұхиттардың температурасы бойынша жаңа рекорд орнады.

Дүниежүзілік метеорология ұйымның сарапшылары осындай мәлімдеме жасады. Ғалымдардың айтуынша, бұл климат өзгеруінің тағы бір белгісі. Мұхиттың жылынуы тұрмысымызға қалай әсер етеді?

Биылғы жазда Атлант мұхитының температурасы көтерілді. АҚШ-тың шығыс жағалауында 38 жарым градусқа дейін ысыды. Ғылымдар бұған алаңдап отыр. Жаңа деректер жаһандық жылыну екенін көрсетті.

Майкл Спэрроу, Дүниежүзілік метеорология ұйымы климатты зерттеу бөлімінің басшысы:

- Ғалымдар мұхиттың ысуы мен теңіздегі мұздың азаюына қатты алаңдап отыр. Өйткені мұхиттар көмірқышқыл газдың ауаға таралатын жылуының 90 процентін өзіне сіңіреді. Солтүстік Атлантикада су тым ыстық. Біздің болжамымыздан едәуір жоғары. Бұл экологиялық жүйеге, балық шаруашылығына және ауа райына әсер етеді.

Жерді көгілдір ғаламшар деп бекер атамаған. Ғаламның 70 процентін су айдыны алып жатыр. Солтүстік жартышардағы климат негізінен мұхитқа тәуелді. Көмірқышқыл газ оны жылытып, мұздықтар ериді. Ал еріген тұщы су Солтүстік Америка мен Еуропада жұмсақ ауа-райын қамтамасыз ететін маңызды ағыстардың айналымын өзгертеді. Дания ғалымдарының болжамынша, 2050 жылға қарай  Гольфстрим ағысының жүйесі өзгереді. Салдарынан, Еуропаның солтүстік батысында  құбылмалы ауа-райы орнайды. Қысы суық, жазы құрғақ болады.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Қазірдің өзінде климат өзгеріп жатыр. Бұл тек бастауы ғана. Ғаламдық жылыну дәуірі аяқталып, ғаламдық қайнау дәуірі басталды. Бүкіл елдер осыған дайындалып, өз халықтарын аптаптан, жойқын су тасқындары, дауылдар, қуаңшылық пен өрттерден қорғауы керек. 

Алайда мұндай болжаммен келіспейтін ғалымдар да бар. Олар табиғаттың тосын мінез көрсетуін қалыпты құбылыс деп санайды. Дегенмен, биылғы шілде зерттеулер тарихындағы ең ыстық маусым болып тіркелді. 

Бекболат Тұрмаханов