Жер шары жылдан жылға қызып барады

Сәйкесінше, құрғақшылық құбылыстар мен апшыны қуырған аптап жиілей түсуде.

Осы ретте мамандар Бәріне климаттың өзгеруі себеп дейді. Сондықтан әлем басшыларын қазба отынын пайдалануды азайту секілді шараларды қолға алуға шақырады. Алқымнан алған аптап жайлы толығырақ әріптесім айтып берсін!

Расымен де аптаптың жыл өткен сайын жиілей түсуі баршаны алаңдатқан мәселеге айналып отыр. Өйткені, одан тек адам ғана емес, табиғат та жапа шегіп жатыр. Орман өрті, өзен-көлдің тартылуы соның салдары. Реті-ретімен бірер секундтан соң

Жаз мезгілі бел ортасынан асса да, ми қайнатар ыстықтың беті қайтар түрі жоқ. Керісінше күшіне мініп, одан сайын алқымнан алуда. Мұндай жағдай тек біздің елде ғана емес, әлемнің біраз елінде байқалады. Соның бірі Оңтүстік Корея мемлекеті. Қапырықта қалған халық қазір сая іздеп, су жанын жағалап жүр. Күннің ысуына шыдамай ауруханаға түсіп жатқандар да жетерлік. Мәселен, Солтүстік Чолла провинциясында өткен 25-ші Дүниежүзілік скауттар слетінің ашылу салтанатында 108 адам аптап ауырып, ауруханаға жеткізілген. Осыған байланысты ұйымдастыру комитеті медициналық персонал санын тағы 30 дәрігер мен 60 медбикеге арттыратынын мәлімдеді. Бұдан бөлек, лагерьдегі пациенттерге күтім жасау үшін төсек саны да ұлғаймақ.

Чой Чанг Хэнг, ұйымдастырушы комитет өкілі:

- Науқастар санының артуына дайын болу мақсатында бес емханада желдеткіштер санын ұлғайтпақпыз. Өйткені мұндай ыстықта қолда бар желдеткіштер саны жетіңкіремейтін секілді.

Апшыны қуырған аптап ыстық

Иракта да аптап ыстық апшыны қуырып барады. Елдің кей өңірлерінде сынап бағанасы 50 градусқа жетеді. Шыжыған күннен қорғану үшін жұрт жаппай өзен жағасына ағылған. Өйткені аптапқа электр сымдары шыдас бермей, жарық жиі сөнетін болған.

Блиц:

Абу Мұхаммед, жергілікті тұрғын:

- Мұндай жағдайдан әбден шаршадық. Үйде электр қуаты болмаған соң, өзенге келдік. Өзіммен бірге балаларымды да әкелдім.

Сухаиб Фатхи, жергілікті тұрғын:

- Ешкім не істерін білмейді. Үй іші жанып тұр. Амалсыз осында шомылуға келдік.

Ал Иранда күннің ысығаны сонша ел билігі екі күндік демалыс жариялады. Жергілікті БАҚ өкілдері таратқан мәліметке сәйкес, ауа температурасы қазір 51 градустан асады. Сондықтан, қан қысымы жоғары, жүрек, қан тамырлары ауруларымен ауыратын адамдарға және де егде жастағы кісілерге сыртқа шықпауға кеңес берілген.

Канада

Күннің қызуынан адамның ғана емес, жануарлардың жаны қиналуда. Тіпті егіс алқаптары тусырап, өрт қаупі күшейіп кетті. Канаданың Британдық Колумбиясы провинциясындағы жағдай соның дәлелі. Мұнда 360 өрт ошағы тіркелген. Осыған байланысты жергілікті билік жалынға жақын орналасқан елді мекен тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіріп жатыр. Мәселен, бүгін 530 адам шұғыл түрде эвакуациялану туралы бұйрық алған. 10 мыңдай тұрғынға ескерту жіберіліпті. Аптаптан туған тағы бір түйткіл – су мәселесі болып отыр. өзен-көлдер кәдімгідей тартылып қалған.

Боуэн Ма, Британдық Колумбияның Төтенше жағдайлар министрі:

- Бүгінгі таңда провинция аумағындағы 34 су айдынының 23-інде жағдай өте күрделі. Қуаңшылықтан қатты саязданып қалған. Сондықтан суды сақтап қалу үшін бәріміз бірге әрекет етуіміз керек.

АҚШ

Мамандардың айтуынша, кейінгі кезде күннің шамадан тыс ысуы жаһандық жылынудың салдары. Әлемдері елдері тез арада әрекет қылмаса, жағдай одан сайын ушыға түседі. Біріккен Ұлттар ұйымы бұл мәселеге асқан алаңдаушылық білдіріп отыр. Тіпті дабыл қағып жатыр.

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

- Климат өзгеріп болды. Жаһандық жылыну емес, жаһанның қызу дәуірі басталды. Өйткені тұрғындардың тыныс алуы қиындап барады. Дала өте ыстық, қапырық. Мұндай жағдайда климаттың өзгеруіне әрекетсіздік таныту орынсыз деп санаймын.