Жапонияның метро станцияларында «ақылды экрандар» пайда болды
Озық технологияларымен танымал Жапонияда өнертапқыштар аптап ыстықтан қорғанудың тың әдісін ойлап тапты.
Олар киімнің ішінде шағын желдеткіштер орнатып қойған. Ал тіл білмейтін шетеліктер үшін метро станцияларында «ақылды экрандар» пайда болды. Ал Қытайда адамға қауіпті жұмысты роботтар орындайды.
«Ақылды экран»
Коронавирус пандемиясынан кейін Жапонияға туристер ағылып жатыр. Өткен айда мұнда 2 миллионнан аса шетелдік барған. Сондықтан Токио метросында жапон тілін білмейтін саяхатшылар үшін тың технология енгізілді. Мұнда кезешілер мен шетелдіктер арнайы дисплейдің көмегімен сөйлесе алады. Екеуінің сөздері қажетті тілге аударылып, әңгімесі мәтін ретінде экранда пайда болады. Бұл жапон тілін білмейтін турист үшін де, шет тілін білмейтін кезекші үшін де ыңғайлы. Жыл басында құрылғы бірнеше әуежайда сынақтан өткен. Басшылық енді оны метрода 3 ай сынап көрмек. Пайдасы дәлелденсе, дисплей өзге станцияларда да орнатылады.
Киім ішіне орнатылған желдеткіш
Осы Жапония халқы қазір аптап ыстықтың зардабын тартып отыр. Бір аптаның өзінде 11 мыңнан аса адам ауруханаға түскен. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін елде аптап ыстықтан қорғануға арналған көрме өтіп жатыр. Мысалы, мына көйлектің ішіне арнайы желдеткіштер орнатылған. Сәбиді көтеріп жүруге арналған бұл сөмкенің ішіне де тура сондай шағын желдеткіш қойылған.
Өрт сөндіруші робот
Ал Қытайда жасанды интеллект жетістіктеріне арналған көрмеде роботтардың түрі-түрі көрсетілген. Мысалы, мына робот өрт сөндіруші қызметін атқарады. Бұдан бөлек, оны жарылыс қаупі жоғары аймақтарда да қолдануға болады. Бұл адамның апатқа ұшырау оқиғаларын азайтуы тиіс, - дейді өнертапқыштар.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.