Еуропада жұмыссыздық белең алып келеді
Жұмыссыз қалғандардың жайы не болмақ?
Қазір бұл сұрақ Еуропа халқының басты уайымына айналған. Өйткені кей елдерде екі қолға бір күрек таппай жүргендерге төленетін жәрдемақы мөлшері азайып жатса, енді бірінде әлеуметтік төлемақы мүлдем алынған. Мәселен, шілденің соңында Италияда 169 мың отбасы ел үкіметінен осындай хабарлама алған. Премьер-министрдің сөзінше, 2024 жылдан бастап еңбекке жарамды 18-59 жас аралығындағы азаматтарға әлеуметтік төлемақы мүлдем берілмейді.
Еңбек етпей жүргендерге қатысты ахуал Испанияда да өршіп барады. Шілде айындағы есеп бойынша үкіметтен әлеуметтік төлемақы алатындар қатары тағы 22 мың адаммен толыққан. Қазір олардың жалпы саны 21 миллионға жуықтайды. Бұл рекордтық көрсеткіш. Жалпы жұмыссыздық деңгейі шамамен 11 мың адамға азайыпты. Қазір олардың саны 2 миллион 700 мыңға дейін түскен. Бұл да 2008 жылдан бері болмаған деңгей - дейді әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері.
Әлемнің екінші экономикасы саналатын Қытайда да жұмыссыздық өте өткір мәселелердің бірі. Алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша ол 5,3 пайызға жеткен. Ұлттық статистика бюросы жуырда осындай мәлімет жариялады. Бюро мамандары көрсеткіш елдегі жағдайдың тұрақты екенін көрсетеді дейді.
Фу Линхуэй, Ұлттық статистика бюросының баспасөз хатшысы:
- 25-59 жас аралығындағы тұрғындарды орта білімі жоқ, орта білімі бар және жоғары білімді деген санаттарға жіктеп қарайтын болсақ, жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайыз, 3,9 пайыз және 3,2 пайызды құрайды. Ал қала тұрғындары арасында жұмысы жоқтар 5,5 пайыз. Бұл көрсеткіш алдыңғы айда да осындай деңгейде болды.
ERI Monitor агенттігі сәуір айында Қытайда жұмыссыз жастардың саны рекордтық көрсеткішке жеткенін хабарлаған еді. Яғни 20 пайыздан асқан. бұл көрсеткіш орта және кәсіптік мектептердің жақын арадағы түлектеріне сондай-ақ колледж студенттеріне қатысты.
Ұлыбританияда жұрт жәрдемақы мөлшерінің аздығына наразы. Шотланд ұлтшылдары биліктегі консерваторлар мен лейбористердің осы саясатын қатаң сынға алып отыр. Шотландияның ұлттық партиясы жүргізген талдауға сәйкес, Британия билігі бекіткен төлемақы кәрі құрлықтың өзге мемлекеттеріне қарағанда онсызда аз екен. Мәселен, екі ай жұмыссыз жүрген азамат бұрынғы айлық жалақысының тек 17 пайызына ғана алады. Бұл Еуропаның дамыған мемлекеттері арасындағы ең нашар көрсеткіш. Бельгияда бұл көрсеткіш 90 пайызды, Норвегияда 78, Франция мен Германияда 69 пайызды құрайды.