7 тамыз Грузияда аза тұту күні деп жарияланды
Грузияда бүгін – қаралы күн.
3 тамызда Шови шипажайында лай көшкіні жүріп, адамдарды басып қалды. Құрбандар арасында балалар бар. Тағы 20-ға жуық тұрғынның тағдыры белгісіз. Іздеу операциясы әлі жүріп жатыр.
Грузияда лай көшкіні жүрген жерден 18 адамның мәйіті табылды. Қазір із-түзсіз жоғалып кеткен 20-ға жуық тұрғынды іздеу жұмысы жалғасып жатыр. Оған 400 құтқарушы, 200 әскери мен медицина қызметкері тартылған. 200 тұрғын көшірілген. Толассыз жауған нөсер, мұздықтардың еруі мен жердің опырылуы бір мезетте болып, жағдайды ушықтырып жіберді. 5 миллион текше метр лай көшкіні 50 гектар аумақты басып қалған.
Темур Мгебришвили, Грузия Төтенше жағдайлар министрі:
- Жұмыс үздіксіз жүріп жатыр. Жолдар әлі толық тазартылған жоқ. Қазір ауыр техника 6 жерде қызу жұмыс істеп жатыр. Жоғалған адамдарды іздеу операциясы қашан аяқталатыны әзір белгісіз.
Мариям Николашвили, «Қызыл Крест» Халықаралық комитетінің қызметкері:
- «Жедел желі» тұрақты жұмыс істеп тұр. Біздің қызметкерлер 3 жерде кезекшілікте. Зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетіп, оларды тамақпен және басқа да қажет заттармен қамтамасыз етеміз.
Қысылтаяң сәтте грузин халқы жұдырықтай жұмыла білді. Көмек қабылдау үшін арнайы банк есепшоты ашылған. Еріктілер де көп.
Нодар Хачиаури, ерікті:
- Табиғи апат орнында жұмыс істеу өте қиын. Өзім 6 тамызда келгенмін. Адамдардың есі шығып кеткен. Бірінші күні көптеген адам жақындарын іздеп аласұрды.
Табылған мәйіттердің жартысының жеке басы әлі анықталған жоқ. Оларды жерлеу үшін ДНҚ нәтижесін күту керек. Ал құтқарушылар іздеу операциясының ауқымын кеңейткелі жатыр.
Авторлары: Ернат Мелұслы, Юлия Тужилкина.