Ұлы Абайдың 178 жылдығы әлем елдерінде аталып өтті

Бір елде ойшылдың еңселі ескерткіші ашылса, енді бірінде ақынның өлеңі оқылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

 Оңтүстік Америкада Абай ескерткіші ашылды

Оңтүстік Америкада Абайдың алғашқы ескерткіші ашылды. Салтанатты шара Рио-де-Жанейро қаласында өтті. Қазақтың ұлы ақынының бюсті Бразилияның мәдени астанасы Леблон ауданындағы орталық саябақта орнатылған. Ашылу салтанатына Бразилияның қалалық әкімшілігі және зиялы қауым өкілдері қатысты. Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов сөз сөйледі. Сондай-ақ «Абайдың қара сөздерін» португал тіліне аударған профессор Эдельсио Америко қазақ ақынының өлеңдерін оқыды.

Айта кетейік, Қазақстан мен Бразилия арасында дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл.

Эдельсио Америко, «Қазақстан-Бразилия» достық форумының атқарушы директоры:

- Бұл – Абай Құнанбайұлының Бразилиядағы алғашқы ескерткіші. Осы сәттің куәгері болу – үлкен қуаныш. Абайдың Қара сөздерін португал тіліне аударумен қатар Қазақстан туралы көбірек ақпарат білуге мүмкіндік алдым.  Екі ел алшақ орналасқанына қарамастан мәдени байланысты дамыта беру керек деп ойлаймын.

 

Абайды еске алу

Германияда Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Қазақстанның Берлиндегі Елшілігінің жанында орналасқан бұл мемориалдық кешен 2 жыл бұрын ашылған және екі ел достығының символы болып саналады. Шараға қазақстандық студенттер, диаспора өкілдері, дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ неміс баспагерлері жиылды. Акцияға қатысушылар ақынның шығармашылығы мен оның әдебиетке қосқан үлесі туралы айтты.

Айта кетерлігі, немістің ұлы ойшылы Гете шығармаларын қазақ тіліне аударған Абай Құнанбаев еді. Ал бүгін қазақ ойшылының туындылары Германия астанасында оқылды.

Мереке Дадабаева, «Мирас» қазақтар қауымдастығының өкілі:

- Ішімізден мақтаныштан жүрегіміз жарылайын деп тұр. Берлин қаласында Абай көшесі бар, Абай ескерткіші бар, біздің қазақ қауымдастығымыз бар. Біздің балаларымызға насихаттап, өленің айтып, қара сөздерін нақылдап айтуға, үйретуге қуаныштымыз.

 

Абай шығармалары Гете тілінде

Айта кетерлігі, «Абай. 20 өлең» деген атпен ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының шығармалары неміс тілінде кітап болып басылған. Ал оның авторы, аудармашы Леонард Кошут бұл еңбегі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған. Қазақ поэзиясын неміс халқына таныстарған аудармашы былтыр дүниеден озды. Алайда оның әріптестері ұлы ойшылдың туған күнінде жылы естеліктермен бөлісті.

Филипп Дик, баспагер:

- Маған Абайдың тұлғасы немістер үшін Гетенің алар орнымен бірдей. Ол мәңгілік тақырыпта өлеңдер жазды: махаббат, өмір, қарым-қатынас жайлы. Досым Лео Кошут аудармамен айналысып, ойшылдың шығармаларын неміс тілінде өте нәзік жеткізді. Кітапты қалай шығарғанымыз есімде. Абайдың еңбектері бұдан да көп насихатталуы тиіс деп ойлаймын. Өйткені Абай ұлы тұлға.

 

Абайдың туғанына 178 жыл

Мәскеуде қазақстандық дипломаттар Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ескерткіш 2006 жылы ашылған болатын. Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев атап өткендей, ұлы ойшылдың аударуымен Пушкин, Лермонтов, Байрон, Шиллер және өзге де әлемдік мәдениет өкілдерінің туындылары қазақ тіліне тәржімаланған. Ақынның 178 жылдығын мерекелеу аясында сондай-ақ Мәскеуде «Абай оқулары» өтті. Қазақ диаспорасының өкілдері мен студенттер Абайдың «Қара сөздерін» жатқа оқып, әйгілі «Желсіз түнде жарық ай» әнін шырқады. Абай шығармашылығы туралы викториналық сұрақтарға жауап берді.

Александр Фрайденберг, ҚР ТЖМ Азаматтық қорғау академиясының адъюнкті:

- Маған Абайдың Қара сөздері ұнайды. Отыз жетінші сөз: «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел, алдыңғы толқын – ағалар, артқы толқын – інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер».

Назерке Ерғазы, Ресей халықтар достығы университетінің студенті:

- Абай Құнанбаев өлендерінің ішінде айтылатын ой-пікірлердің барлығы қазақ жастарына жол сілтеп отырады. Яғни, әрбір сөздерінің астарынан өнеге. Абай Құнанбаевтың «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңіндегі  өлең жолдары маған ұран іспеттес болып кетті. Ол «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» демекші, мен де өзімнің жолымды ұстаздық жолында жалғастырып жатырмын.