Гавай аралдарындағы Лахайна курорты түгел жанып кетті
Гавай аралдарында орман өртінен опат болғандар саны 55-ке жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әсіресе турист көп келетін Мауи аралындағы жағдай қиын. Бірнеше күнге созылған тілсіз жау салдарынан Лахайна курорты түгел жанып кетті.
Гаваийдің Мауи аралында алапат өрттен мыңдаған гектар орман алқабы әп-сәтте күлге айналды. Қызыл жалынның жылдам тарағаны сонша, жақын маңдағы елді мекендер түгел жанып кетті. Жағалауда орналасқан Лахайна қаласынан түк қалған жоқ. Оттан қашқан адамдар мұхитқа суңгуге мәжбүр болды. Жағалау қызметі ондаған адамды судан шығарып алды.
Виксай Фонксайлинкхэм, турист:
- Жылдам шешім қабылдауымызға тура келді. Көлігімізді қалдырып, әйелім мен 5 баламызды алып, мұхитқа қаштық. Суда қалқыған тақтайды тауып, соған міндік. Айналамызда бәрі жанып, автокөліктер жарылып жатты. Көк түтіннен тыныс алу қиындап кетті.
Жергілікті билік өкілдерінің мәлімдеуінше, алапат өрттен 1700-ден аса үй күлге айналды. 11 мыңнан астам тұрғын жарықсыз отыр. Емханаларда бос орын жоқ. Құрбандар саны әлі де өсуі мүмкін. Жалының лезде аралға тарауына Тынық мұхитынан соққан Дора дауылы да себеп болды.
Крейг Клементс, Сан-Хосе университетінің метеорология бөлімінің профессоры:
- Мауи аралының сол бөлігінде тау қырқасы бар. Солтүстік-шығыстан соққан жел тау баурайында үдей түсті. Калифорнияда осындай жағдай жиі болып тұрады.
Жергілікті тұрғындар мұндай алапат бұрын-соңды болмаған дейді. Бір мезгілде көптеген өрт ошағымен күресуге жергілікті биліктің шамасы жетпей жатыр. АҚШ президенітінің әкімшілігі бейсенбіде Гавай аралдарындағы жағдайды ірі апат деп жариялады. Өртпен күресуге және аралды қалпына келтіруге федералдық бюджеттен қаражат бөлінетіні белгілі болды.
Джо Байден, АҚШ президенті:
- Жақындарынан айырылған, үйлері бұзылған кез келген адамға дереу көмек беріледі. Бастарын тәуекелге тігіп, тілсіз жаумен күні-түні арпаласып жатқан өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға да қолдау көрсетуді бұйырдым.
Қазіргі кезде өрттің 80%-і ауыздықталды. Алайда аралды қалпына келтіру үшін біраз қаржы мен ұзақ уақыт кететіні анық.
Авторы: Бекболат Тұрмаханов.